Қоғам

Гортензиялы Астана: елорда көшелері гүлге оранды

Астананың көшелері мен қоғамдық кеңістіктерін көркейту мақсатында көгалдандыру жұмыстары қарқынды жалғасып келеді. Қазір елорда аумағында шамамен 4,7 миллион жасыл желек өсіп тұр. Ал «Жасыл белдеу» аумағында өсімдіктер саны 14 миллионға жуық.

Қалада жыл сайын шамамен 1 миллион жасыл желек отырғызылады. Оның ішінде 70 мыңға жуық көшет – ағаш. Мамандар Астана климатына төзімді, ірі ағаштар мен көпжылдық бұталарды таңдауға басымдық береді.

Соңғы жылдары елорда көшелерінің сәнін келтіріп жүрген өсімдіктердің қатарында шашақты гортензия да бар. Ұзақ уақыт бойы гүлдейтін бұл сәндік бұта көлемді гүлшоғырларымен ерекшеленеді. Гүлдерінің түсі маусым ішінде біртіндеп өзгеріп, қала көрінісіне ерекше рең береді.

Гортензияның тағы бір артықшылығы – суыққа төзімділігі. Дұрыс күтім жасалған жағдайда ол Астананың қатаң климаттық жағдайына бейімделіп, қалалық ортада жақсы өседі.

Астананың қысы аязды әрі желді болғанымен, климатқа бейім өсімдіктерді дұрыс таңдау арқылы елорданы жыл сайын жасыл әрі көрікті етуге мүмкіндік бар.

Бүгінде гүлдеген гортензиялар Астананың ажарын ашып, тұрғындар мен қала қонақтарының назарын аударған көрікті орындардың біріне айналып келеді. Гүлге оранған бұталар елорданың заманауи келбетіне өзіндік сән қосып тұр.

Фото: Астана қаласы әкімдігі

Басқа жаңалықтар

Back to top button