Қоғам

«Бір ауыл – бір өнім» жобасының 10 финалисі анықталды

Астанада жергілікті өнім өндірушілерді қолдауға бағытталған «Бір ауыл – бір өнім» жобасының 10 финалисі анықталды. Үздік кәсіпкерлер өндірісті дамытуға арналған 5 млн теңгелік грантқа ие болу мүмкіндігіне ие.

Жобаның қорытынды кезеңінде кәсіпкерлер өз өнімдерін Бренд-комитет мүшелеріне таныстырып, олардың ерекшелігі, сапасы және нарықтағы даму мүмкіндіктері туралы айтып берді. Жаңа тәртіп бойынша биыл жоба аясында финалистер саны 10-ға дейін ұлғайтылды.

Финалға өткен кәсіпкерлердің өнімдері сан алуан. Олардың қатарында әскери-тарихи қалайы миниатюралары, киіз картиналар, табиғи косметика, авторлық керамика, былғары етік, құрттың түрлі түрлері, глютенсіз жартылай фабрикаттар, сазсырнай, өрік дәндері және пряниктер бар.

Жобаның 10 финалисі:

  • Ернар Нұрмағамбетов – әскери-тарихи қалайы миниатюралары;
  • Айгүл Қасымова – киізден жасалған картиналар;
  • Ляззат Қалимолдаева – табиғи сабын, сусабын және шашқа арналған кондиционерлер;
  • Алия Байменова – авторлық керамика;
  • Бақытхан Секейхан – былғары етік;
  • Жазира Төлегенова – құрт өнімдері;
  • Қарашаш Сүлейменова – глютенсіз жартылай фабрикаттар;
  • Аятолла Жұмабеков – сазсырнай және керамикалық бұйымдар;
  • Шәрібек Ахметова – өрік дәндері;
  • Шолпан Смағұлова – пряниктер.

Финалистер 5 млн теңгеге дейінгі мемлекеттік грантқа үміткер бола алады. Қаржылай қолдаудан бөлек, оларға маркетинг, SMM, брендинг, қаптама әзірлеу, маркетплейстермен жұмыс істеу және өнімді нарыққа шығару бағыттарында көмек көрсетіледі.

Сондай-ақ кәсіпкерлерге өнімді стандарттау, штрих-код алу және тауар белгісін тіркеу бойынша кеңес беріледі. Үздік жобалардың сауда желілері мен дүкендерге шығуына да қолдау көрсетіледі.

«Бір ауыл – бір өнім» жобасы Астанада төртінші жыл қатарынан жүзеге асырылып келеді. Оның негізгі мақсаты – жергілікті өндірушілерді қолдау, бірегей өнімдерді дамыту және бәсекеге қабілетті өңірлік брендтер қалыптастыру. Жоба аясындағы қолдау кәсіпкерлерге өнімді тек жергілікті нарықта емес, Қазақстанның басқа өңірлерінде де танытуға мүмкіндік береді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button