Қоғам

Қыстың қамын жаз ойла: Әкім жылу маусымына дайындық деңгейін тексерді.

Астанада алдағы күз-қыс кезеңін тұрақты өткізу үшін жылу энергетикасы нысандарын дайындау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қала әкімі Жеңіс Қасымбек бұл туралы Instagram парақшасында жазды.

Әкімнің айтуынша, елорданы жылу маусымына дайындау жұмыстары көктемнен басталған. Биыл ЖЭО-1-де 10 қазандық пен 3 турбинаны, ал ЖЭО-2-де 14 қазандық пен 6 турбогенераторды жөндеу жоспарланған.

Сонымен қатар жылу желілерінің 7,5 шақырымы күрделі жөндеуден өтіп, қайта жаңғыртылады. Электр инфрақұрылымы бойынша да ауқымды жұмыс жүргізілмек: 67,4 шақырым әуе және кабель желісі, 68 тарату және трансформаторлық қосалқы пункт жөнделеді.

Елордадағы жылу қуатын арттыру үшін жаңа нысандардың құрылысы да қатар жүріп жатыр. Солардың бірі – «Телман» газ жылу станциясы. Оның жылу өндіру қуаты сағатына 620 Гкал болады. Нысанды биыл іске қосу жоспарланған.

Бұдан бөлек, ЖЭО-2-дегі су жылытатын қазандықтарды кеңейту және жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. №7 және №8 қазандықтардың іске қосылуы жылу қуатын тағы 360 Гкал/сағ арттыруға мүмкіндік береді. Жаңа жабдықтарды келесі жылы іске қосу көзделген.

Сондай-ақ «Оңтүстік-Шығыс» және «Оңтүстік-Батыс» газ жылу станцияларын кеңейту бойынша жобалау-іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Екі станцияның жалпы жылу өндіру қуаты 940 Гкал/сағ болады.

Қала әкімдігінің мәліметінше, бұл жобалар елорданың жылу жүйесіндегі қуат тапшылығын азайтып, қажетті резерв қалыптастыруға және инженерлік инфрақұрылымның сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button