Қоянды саяжай алқабында жаңа балалар ойын алаңы ашылды

Астананың Байқоңыр ауданындағы Қоянды саяжай алқабында тұрғындар үшін жаңа қоғамдық кеңістік пайдалануға берілді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Бұған дейін бос тұрған аумақ толық абаттандырылып, мұнда балалар ойын алаңы, футбол алаңы, спорттық тренажерлар мен воркаут аймағы, сондай-ақ тұрғындарға арналған демалыс орны жасалды.
Енді балалар қауіпсіз әрі жайлы жерде ойнап, жастар спортпен айналыса алады. Ал тұрғындар абаттандырылған аумақта серуендеп, таза ауада демалуға мүмкіндік алды.
Жаңа кеңістік аудан тұрғындарының белсенді демалысына қолайлы жағдай жасап, аулаларды абаттандыру мен қоғамдық орындарды дамытуға бағытталған жұмыстардың бір бөлігі болды.
Қазір Астананың барлық алты ауданында абаттандыру жұмыстары жалғасып жатыр. Соңғы жылдары елордада 500-ге жуық қоғамдық және аула кеңістігі жаңартылды.



