Астанада қазір қай көшелер жабық?
Астанада жол құрылысы мен инженерлік желілерді жүргізуге байланысты бірқатар көшелер мен қиылыстарда көлік қозғалысына шектеу енгізілген. Кейбір учаскелердегі шектеу бірнеше күнге созылса, енді бірінде жыл соңына дейін жалғасады.

Ақмешіт – Алматы қиылысы
19 қыркүйек сағат 21:00-ден бастап Ақмешіт пен Алматы көшелерінің қиылысында көлік қозғалысы толық жабылды. Мұнда Алматы көшесі бойындағы көлік туннелін салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Шектеу жыл соңына дейін жалғасады деп жоспарланған.
Алматы көшесі
Алматы көшесінің Түркістан көшесінен Мәңгілік Ел даңғылына дейінгі бөлігінде де қозғалыс толық шектелген. Бұл учаскедегі шектеу 2026 жылдың соңына дейін жоспарланған. Сонымен қатар Алматы көшесінің Ақмешіттен Түркістанға дейінгі бөлігі бойынша да құрылыс жұмыстарына байланысты шектеу бар.
Сығанақ көшесі
Сығанақ көшесінің оңтүстік жағында, «Номад» тұрғын үй кешенінен Ақмешіт көшесіне дейінгі аралықта қозғалыс шектелген. Бұл жерде LRT эстакадасының монолитті темірбетон арқалығын орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Шектеу 30 қарашаға дейін жалғасады.
Анет баба – ЕК-26 қиылысы
20 қыркүйектен 5 қазанға дейін Анет баба көшесі мен ЕК-26 көшесінің қиылысында көлік қозғалысы толық жабылды. Мұнда инженерлік желілер жүргізілуде.
Абайдың 150 жылдығы көшесі
Бейбарыс сұлтан көшесінен Сұлықөл көшесіне дейінгі учаскеде қозғалыс толық шектелген. Мұнда Абайдың 150 жылдығы көшесін Тлендиев көшесінен Бейбарыс сұлтан көшесіне дейін салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Шектеу 10 қазанға дейін жалғасады.
Соқпақбаев көшесі
Бейсекова көшесінен Күмісбеков көшесіне дейінгі Соқпақбаев көшесінде құрылыс жұмыстарына байланысты қозғалыс шектелген. Бұл учаскедегі шектеу 1 желтоқсанға дейін жалғасады.
Әл-Фараби – Хусейн бен Талал қиылысы
Бұл қиылыста да қозғалысқа уақытша шектеу бар. Шектеу Әл-Фараби даңғылын ұзарту жұмыстарына байланысты енгізілген және жыл соңына дейін жалғасуы жоспарланған.
Жүргізушілерге жолға шығар алдында маршрутты алдын ала жоспарлап, уақытша жол белгілері мен қозғалысты ұйымдастыру схемаларына назар аудару ұсынылады.



