Қоғамдық мүлікті бүлдірген 143 адам жауапқа тартылды
Астанада аялдамаларды, орындықтарды, қоқыс жәшіктері мен абаттандыру нысандарын бүлдірген 143 адам жауапқа тартылды. Бұл туралы қала әкімі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді.
Әкімнің айтуынша, елордада қоғамдық кеңістіктерді бүлдіру және ластау жағдайлары әлі де кездеседі. Өкінішке қарай, мұндай әрекеттерге кәмелетке толмағандар да барады.
Қоғамдық орындарды ластағандарға қатысты 928 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген. Сонымен қатар есірткі заттарын жарнамалау мақсатында салынған граффитилерді жою жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жеңіс Қасымбектің сөзінше, қаладағы инфрақұрылымды бүлдіру тек қаланың көркіне нұқсан келтіріп қана қоймай, тұрғындар мен қонақтарға да қолайсыздық туғызады.
Құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін полициямен бірлескен жұмыс жүргізіліп, көшелер патрульденіп, бейнебақылау камераларының саны артып келеді.
Әкім қоғамдық мүлікті бүлдіргендер заң алдында жауап беретінін еске салды. Ал кәмелетке толмағандар құқық бұзса, олардың ата-аналары да заң аясында жауапқа тартылады.
Жеңіс Қасымбек елорда тұрғындары мен қонақтарын ортақ қалаға ұқыптылық танытып, оның тазалығы мен көркеюіне жауапкершілікпен қарауға шақырды.



