Басты жаңалықҚоғам

Астананың «JOLTAP» жобасы енді бүкіл Қазақстанға жол тартады

Астанада үш жыл бұрын басталған «JOLTAP» жобасы енді еліміздің барлық өңіріне тарайды. Жоба аясында мыңдаған тұрғын тегін мамандық меңгеріп, жұмысқа орналасып, өз кәсібін ашқан. Бұл туралы Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында жазды.

Үш жыл ішінде «JOLTAP» жобасы бойынша 22 мың адам оқуын аяқтаған. Олардың 60%-ы жұмысқа орналасса, 17%-ы фриланс форматында еңбек етіп жүр. Ал 2 мыңға жуық түлек жеке кәсібін ашқан.

Жоба аясында бүгінде 30 авторлық оқу бағдарламасы әзірленген. Оның 19-ы жұмысшы мамандықтарға – тігінші, наубайшы, электргазбен дәнекерлеуші, аяқ киім жөндеуші, жиһаз құрастырушы сияқты кәсіптерге бағытталған. Қалған 11 бағдарлама SMM, таргет, графикалық дизайн, мобилография және цифрлық дағдыларды үйретеді. Цифрлық курстарда жасанды интеллект құралдарын меңгеруге де мүмкіндік бар.

Ең бастысы – оқу толықтай тегін. Қатысу үшін «Баршаға мүмкіндік» мобильді пункттеріне, аудан әкімдіктеріне немесе елорданың Жұмыспен қамту басқармасының мансап орталықтарына жүгінуге болады.

Астана әкімі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, енді астанада тиімділігін көрсеткен «JOLTAP» тәжірибесі еліміздің барлық өңіріне енгізіледі.

Яғни Астанада басталған жоба енді Қазақстанның басқа қалалары мен облыстарындағы тұрғындарға да жаңа мамандық меңгеріп, жұмыс табуға немесе өз кәсібін бастауға мүмкіндік бермек.

Басқа жаңалықтар

Back to top button