Басты жаңалық

Қазақстан — шахмат Олимпиадасының екі дүркін күміс жүлдегері!

 

Самарқандта өткен шахмат Олимпиадасында Қазақстанның әйелдер құрамасы 2024 жылғы жетістігін қайталап, күміс медаль жеңіп алды.

Қыздарға «өткен Олимпиададан кем түспеу» міндеті қойылған еді. Олар бұл тапсырманы орындады. Әрине, алтынды қаладық. Бірақ Үндістан, АҚШ, Польша, Армения, Әзербайжан және Моңғолия сияқты мықты құрамаларды артқа тастау — үлкен жетістік. Алдымызда тек Қытай тұр. Көрсеткен ойындарына қарасақ, оларды да басып озуға болады. Демек, келесі Олимпиадада осы мақсатқа талпынамыз.

Бәсеке өте тартысты өтті. 11 тур бойы қыздарымыз бірде-бір матчта жеңілген жоқ. Олар Әзербайжанды жеңіп, Қытай, Үндістан және Моңғолия құрамаларымен тең түсті. Ал шешуші турда Польшамен кездесіп, 2:2 есебімен тең ойнап, күмісті сақтап қалды.

Осы Олимпиаданың тағы бір қаһарманы — біздің жас дөкейіміз Елназ Калиахмет. Бір апта бұрын ғана 16 жасқа толған Елназ үшін бұл — алғашқы Олимпиада. Соған қарамастан, ол өз тақтасында жеке алтын медаль жеңіп алды.

10-турда Францияға қарсы ойында Елназ тақта басында алты сағатқа жуық отырды. Оның жағдайы жеңіліске жақын еді. Олимпиада алаңында Қазақстанның жүлделі орыннан сырғып кетуі мүмкін деген әңгіме де тарай бастады. Бірақ Елназ сабыр сақтап, қарсыласының қателесуін ұзақ күтті. Ақыры сол сәтті пайдаланып, партияның барысын өз пайдасына өзгертті.

Ол бізге жай ғана тең есеп емес, жеңіс әкелді. Бұл командаға екінші орынды нығайтуға мүмкіндік берді. Ал шешуші турда Польшаға қарсы тағы да жеңіске жетіп, құрамамызға аса маңызды ұпай сыйлады. Қорытынды есеп — 2:2.

Бибісара Асаубаева, Алуа Нұрман, Меруерт Қамалиденова, Елназ Калиахмет, Зарина Нұрғалиева және капитан Павел Коцур — осы Олимпиада үшін рақмет!

Екі Олимпиада қатарынан күміс жүлде — бұл енді кездейсоқ жетістік емес, жүйелі нәтижеге айналып келеді.

Қазақстан тағы да әлемдегі ең мықты әйелдер шахмат құрамаларының қатарында.

Ал енді келесі мақсат — алтын ғана.

Басқа жаңалықтар

Back to top button