Басты жаңалықҚоғам

Дабыл қағылса, екеуі де дайын: елордадағы егіз өрт сөндірушілер

Астанадағы №6 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде жеті жылға жуық уақыттан бері егіз ағайынды Айсұлтан мен Нұрсұлтан Кемаладиновтер қызмет етіп келеді.

Астанадағы №6 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде жеті жылға жуық уақыттан бері егіз ағайынды Айсұлтан мен Нұрсұлтан Кемаладиновтер қызмет етіп келеді. 

Қызылорда облысының Арал ауданында дүниеге келген егіздер 2015 жылы отбасымен бірге елордаға көшіп келген. Колледжді тәмамдап, әскери борыштарын өтегеннен кейін, 2019 жылы екеуі де өрт сөндіру қызметіне орналасқан.

Олардың бұл мамандықты таңдауына отбасындағы үлкен ағасы Айдархан Кемаладинов себеп болған. Ол да өрт сөндіруші болып еңбек еткен.

«Отбасымызда төрт баламыз: ағамыз бен әпкеміз бар, ал біз – кенжеміз. Қызметке 2019 жылы 21 жасымызда келдік. Ұжымдағы ең жас мамандардың қатарында болдық. Тәжірибелі әріптестерімізден көп нәрсе үйрендік. Біз үшін қызметтік борышын орындау кезінде қаза тапқан Асқар Забикулиннің орны ерекше. Болашақта білімімізді жетілдіріп, офицерлік құрамға қосылуды жоспарлап отырмыз», – дейді Айсұлтан Кемаладинов.

Бір шақырту – бір тағдыр

Құтқарушының жұмысы тек өрт сөндірумен шектелмейді. Олар жол-көлік оқиғаларына, лифт ішінде қамалып қалған адамдарды құтқаруға және түрлі төтенше жағдайларға көмекке барады. Қажет болған жағдайда алғашқы медициналық көмек те көрсетеді.

Айсұлтанның айтуынша, бір тәуліктік кезекшілік кезінде өртке байланысты орта есеппен екі-үш шақырту түсуі мүмкін. Ал ірі төтенше жағдайлар кезінде елордалық құтқарушылар басқа өңірлерге де жіберіледі.

Мұндай сәттерде уақытпен санасуға болмайды. Дабыл қағылған бойда өрт сөндірушілер арнайы киімдерін киіп, техникаға отырып, оқиға орнына аттанады. Олардың әр секунды адам өміріне әсер етуі мүмкін.

Құтқарушылардың жұмысы физикалық күшпен қатар төзімділікті, шапшаңдықты және кез келген жағдайда дұрыс шешім қабылдай білуді талап етеді. Олардың қорғаныш киімі мен құрал-жабдықтарының жалпы салмағы 30 келіге дейін жетеді. Ал сығылған ауасы бар тыныс алу аппаратының салмағы шамамен 12 келі болады.

Егіздердің бірі Нұрсұлтан Кемаладинов өрт сөндіру кезінде командалық жұмыстың маңызы зор екенін айтады.

«Өрт сөндіру – оңай жұмыс емес. Қорғаныш киімі мен құрал-жабдықтардың өзі ауыр. Су жоғары қысыммен берілетін өрт сөндіру жеңін кейде екі адам бірігіп ұстауға тура келеді. Өйткені судың қысымы өте күшті», – дейді ол.

Егіздерді біріктірген – ортақ таңдау

Бүгінде Айсұлтан мен Нұрсұлтан Кемаладиновтер №6 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде қызметтерін жалғастырып келеді. Бір отбасында өсіп, бір мамандықты таңдаған ағайындылар үшін қызметтегі басты құндылық – адам өмірін сақтау.

Басқа жаңалықтар

Back to top button