Лондоннан басталған сапар: әлем чемпионатының туы Астанада
Түркістанда «ROAD TO ASTANA 2027» жобасының қорытынды өңірлік кезеңі өтіп, үстел теннисінен әлем чемпионатына арналған спорттық-мәдени эстафета оңтүстік бағыттағы сапарын аяқтады.
25 қазанда Түркістан қаласындағы Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешенінде өткен фестиваль 2027 жылғы 22–30 мамырда Астанада өтетін ITTF World Table Tennis Championships Finals Astana 2027 әлем чемпионатына арналды.
Республика күнімен тұспа-тұс келген шара спортшыларды, жаттықтырушыларды, жас теннисшілер мен қала тұрғындарын бір алаңға жинады. Фестиваль аясында спорттық жарыстар мен шеберлік сабақтары ұйымдастырылып, концерттік бағдарлама ұсынылды.
Лондоннан басталған эстафета Түркістанға жетті
Әлем чемпионатының ресми туын Қазақстан 2026 жылғы мамырда Лондонда салтанатты түрде қабылдады. Кейін Астанаға жеткізілген ту еліміздің өңірлерін аралап, спорттық эстафетаға жол ашты.
4 қазанда эстафетаны Өскемен, 11 қазанда Көкшетау, 18 қазанда Ақтөбе қаласы қабылдады. Ал Түркістан оңтүстік бағыттағы қорытынды өңірлік кезеңге айналды.
Фестивальдің ең маңызды сәті – әлем чемпионатының ресми туын салтанатты түрде алып шығу рәсімі. Спортшылар музыкалық сүйемелдеумен туды зал арқылы сахнаға жеткізіп, көпшілікке таныстырды.
Іс-шараға Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров қатысты. Сондай-ақ Түркістан қаласының құрметті азаматы, спорт ардагері Оразбек Божбанбаев фестивальдің құрметті қонақтарының қатарынан көрінді.
Жас теннисшілер шеберлігін шыңдады
Фестивальдің спорттық бағдарламасы қатысушылар мен көрермендердің қызығушылығын тудырды. Үстел теннисінен көрсетілім ойындары, шеберлік сабақтары мен түрлі жарыстар өтті.
Әсіресе Рахат Полатхановтың шеберлік сабағы көпшіліктің назарын аударды. Ол ойын тәсілдерін көрсетіп, қатысушылармен тәжірибесімен бөлісті.
Студенттер мен балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінің тәрбиеленушілері командалық жарыстарда бақ сынады. Қатысушылар дәлдік пен шапшаңдық сынға түсетін сайыстарда өзара мықтыны анықтады.
Келушілерге үстел теннисімен айналысуға арналған алаңдар, интерактивті аймақтар мен естелік суретке түсу орындары ұсынылды. Сонымен қатар қолөнершілер мен жергілікті өндірушілердің көрмесі ұйымдастырылды.
Спорт пен ұлттық мәдениет тоғысты
Фестивальдің мәдени бағдарламасы да мазмұнды болды. «НаздыАру» және «Барыс» топтары, сондай-ақ Жамбыл мен Балнұр есімді әншілер өнер көрсетіп, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
«ROAD TO ASTANA 2027» жобасы спорттық шаралармен ғана шектелмейді. Оның маңызды бағыттарының бірі – Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын, табиғи көрікті жерлері мен ұлттық құндылықтарын кеңінен таныстыру.
Осы мақсатта жоба аясындағы түсірілім тобы Түркістан қаласын, Ұлы Жібек жолының маңызды орталықтарының бірі болған көне Отырар қалашығын, Ақмешіт үңгірі мен Шымкент қаласын қамтыды.
Сондай-ақ 25 қазанда Түркістанда өткен Turkistan Marathon 2026 жарысының әсерлі сәттері бейнетаспаға түсірілді. Жиналған материалдар әлем чемпионатының ресми туының Қазақстан бойынша сапарын баяндайтын деректі бейнешежіреге енеді.
Келесі аялдама – Астана
«ROAD TO ASTANA 2027» жобасы еліміздің өңірлерін ортақ спорттық бастама төңірегіне біріктіріп, алдағы әлем чемпионатына деген қызығушылықты арттыруды көздейді.
Түркістандағы фестивальден кейін әлем чемпионатының ресми туы эстафетаның соңғы аялдамасы – Астанаға жеткізіледі.
2027 жылғы 22–30 мамыр аралығында Қазақстан елордасында үстел теннисінен әлемнің үздік спортшылары бас қосады. Бұл жарыс Қазақстанның халықаралық спорт аренасындағы беделін нығайтып, елордаға әлемдік спорттың назарын аудармақ.
Лондоннан басталған сапар Қазақстан өңірлерін аралап, әлем чемпионаты өтетін Астанада түйінделеді.



