Қазақстанда жұмыс берушілерге қызметкерлердің жалақысынан ұсталатын салықтар мен әлеуметтік төлемдерді автоматты түрде есептеуге мүмкіндік беретін жаңа цифрлық сервис іске қосылады.
«Бір батырмамен есептеу» деп аталатын пилоттық жоба салық агенттерінің жұмысын жеңілдетуге және міндетті төлемдерді есептеу процесін автоматтандыруға бағытталған.
Жаңа сервис жеке табыс салығын, міндетті зейнетақы жарналарын, әлеуметтік аударымдарды, әлеуметтік салықты және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға төленетін жарналарды есептей алады. Сонымен қатар жұмыс берушіге төлем тапсырмаларын қалыптастырып, оларды екінші деңгейлі банктерге жіберуге мүмкіндік береді.
Жүйені пайдалану үшін жұмыс беруші Салық төлеушінің кабинетіне кіріп, «Бір батырмамен есептеу» функциясын таңдауы қажет. Одан кейін қызметкердің ЖСН-ін енгізіп, есептелген жалақы мөлшерін көрсету керек.
Осы мәліметтер негізінде жүйе қызметкердің әлеуметтік мәртебесі туралы ақпаратты тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден сұратып, міндетті төлемдердің сомасын автоматты түрде анықтайды.
Дегенмен соңғы есепті тексеріп, растау жауапкершілігі жұмыс берушінің өзінде қалады. Ол төлем құжаттарын банкке жібермес бұрын барлық мәліметтің дұрыстығына көз жеткізуі тиіс.
Пилоттық жобаға қатысу ерікті болады. Эксперимент 2026 жылдың 31 желтоқсанына дейін жалғасады. Тиісті бұйрық 17 қарашада күшіне енеді, ал оның қолданылуы 1 қазаннан бастап туындаған құқықтық қатынастарға таралады.



