Қоғам
Су тасқынынан қорғау күшейтіледі: қорғаныс бөгеті ұзартылмақ
Су ресурстары және ирригация министрлігі елордада су тасқынының алдын алу мақсатында қорғаныс бөгетін жаңғырту жұмыстары қолға алынды деп хабарлайды. Жоба аясында бөгеттің ұзындығы 4,2 шақырымға ұлғайтылады.

Су шаруашылығы комитеті жүзеге асыратын жоба бойынша автоматты су ағызу құрылғысы орнатылып, жалпы ұзындығы 23,1 шақырым болатын су жеткізу және су бұру арналары салынады.
Сонымен қатар су деңгейін тұрақты бақылап, су ресурстарын тиімді басқаруға мүмкіндік беретін заманауи мониторинг жүйелері енгізіледі.
Министрліктің мәліметінше, бұл шаралар елорданың су тасқынына қарсы қорғанысын күшейтіп, тұрғын үйлерді, әлеуметтік нысандарды, жолдар мен инженерлік инфрақұрылымды су басу қаупінен сақтауға бағытталған.
Жоба жүзеге асқаннан кейін төтенше жағдайлардың туындау қаупі азайып, мол су келетін кезеңдерде қаланың қауіпсіздік деңгейі артады.



