1 қаңтардан бастап құжат жасату қымбаттайды

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап паспорт, жүргізуші куәлігі және басқа да құжаттарды рәсімдеу құны өседі. Бұған айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) 3 932 теңгеден 4 325 теңгеге көтерілуі себеп. Бұл көрсеткіш Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған 2026–2028 жылдарға арналған мемлекеттік бюджетте бекітілген.
Сонымен құжат рәсімдеу бағалары:
- 16 жасқа дейінгі балаға арналған паспорт (24 бет) – 17 300 теңге
- Қарапайым паспорт (36 бет) – 34 600 теңге
- 48 беттік паспорт – 51 900 теңге
- Жеке куәлік – 865 теңге
Егер жеке куәлік бір жылда екі реттен артық жоғалса, 4 325 теңге төлеу қажет.
Жүргізуші куәлігін рәсімдеу 5 406 теңге болады.
Қаңтардан бастап некені тіркеу құны да өседі – куәліктің бағасы 4 325 теңге болады.
Ал егер ерлі-зайыпты ажырасуды шешсе, мемлекеттік баж 8 650 теңгеге төлеуі тиіс.
Туу туралы куәлік бұрынғыдай тегін — ата-аналар оны ешқандай төлемсіз алады. Бірақ оны қайта рәсімдеу қажет болса (мысалы, жоғалған жағдайда), 2 163 теңге төленеді.
Кейбір азаматтар құжаттарды тегін рәсімдей алады.
Олар:
- ел батырлары және жоғары мемлекеттік наградалары бар тұлғалар;
- алтын және күміс алқалы аналар;
- соғыс ардагерлері мен жауынгерлік әрекеттерге қатысушылар;
- мүмкіндігі шектеулі адамдар және мүгедек балалардың ата-аналары;
- әлеуметтік мекемелерде тұратын қарттар;
- жетім балалар және толық мемлекеттік қамқорлықтағы балалар;
- Чернобыль апатынан зардап шеккендер.



