Астана әуежайында жолаушылар мен әуе компаниялары үшін қандай өзгерістер бар
Биыл Астананың халықаралық әуежайында бірқатар ірі жаңғырту жұмыстары жүзеге асырылып, жолаушыларға арналған цифрлық сервистер енгізілді. Сонымен қатар әуе айлағы халықаралық деңгейдегі салалық марапаттарға ие болды. Өткен жылдың негізгі қорытындылары туралы әуежайдың баспасөз қызметі мәлімдеді.
2025 жылы елорда әуежайында аэродромдық инфрақұрылымды жаңарту басты назарда болды. Ұшу-қону жолағын жөндеу жұмыстары екі айдың ішінде аяқталып, белгіленген мерзім сақталды. 1 қарашадан бастап әуежай штаттық режимде жұмысын қайта жалғастырды.
Әкімшілік өкілдерінің хабарлауынша, ұшу-қону жолағы, негізгі рулеж жолы мен перрондағы асфальтбетон жабыны толық жаңартылды. Аэродромдық таңбалау халықаралық стандарттарға сәйкестендіріліп, ескірген жарық-сигнал беру жүйесі заманауи жарықдиодты жабдықтарға ауыстырылды. Барлық жұмыстар әуежайдың тұрақты қызметіне нұқсан келтірмей жүргізілген.
Сонымен бірге әуежайда шекаралық бақылаудың автоматтандырылған жүйесі іске қосылды. Жаңа гейттер Қазақстан азаматтарына құжаттық тексеруден небәрі 15-20 секунд ішінде өтуге мүмкіндік береді. Бұл шешім жолаушылар ағынын реттеуге, кезектерді азайтуға және өткізу қабілетін арттыруға оң әсер етті.
Айта кетейік, сәуір айында Астана әуежайы Халықаралық әуежайлар кеңесінің (ACI) Airport Service Quality (ASQ) бағдарламасына қосылды. Терминалда жолаушылар арасында цифрлық құралдар арқылы тұрақты сауалнамалар жүргізіле бастады. Жиналған мәліметтер қызмет көрсету сапасын бағалау мен басқарушылық шешімдер қабылдауға пайдаланылады.
Осы жұмыстардың нәтижесінде әуежай 2025 жылдың қорытындысы бойынша Skytrax World Airport Awards халықаралық сыйлығын «Орталық Азия мен ТМД елдері әуежайлары арасындағы ең үздік персонал» номинациясы бойынша алғаш рет иеленді. Жеңімпаздар тәуелсіз жаһандық жолаушылар сауалнамасының нәтижесіне сүйене отырып анықталған.
Сондай-ақ әуежай әкімшілігі ИКАО-ның авиациялық қауіпсіздік саласындағы аудитінің алдын ала қорытындыларын жариялады. Аудит нәтижесінде Қазақстан халықаралық талаптарға сәйкестік деңгейін 95,7%-ға жеткізіп, әлемдік рейтингте 20-орынға тұрақтады.
Халықаралық сарапшылар алдыңғы аудиттермен салыстырғанда оң ілгерілеуді атап өтті. Атап айтқанда, заңнаманы жетілдіру, бақылау жүйесін күшейту және мамандардың кәсіби дайындығын арттыру бағыттарында айтарлықтай өсім байқалған. Әуежай өкілдерінің айтуынша, бұл көрсеткіштер барлық қызметтің жүйелі жұмысының және халықаралық стандарттарға сай қызмет атқарудың дәлелі.
Бұдан бөлек, Астана әуежайы Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (IATA) ISAGO бағдарламасы аясында қайта аудиттен өтіп, жерүсті қызмет көрсету бойынша 1300-ден астам халықаралық талапқа сәйкестігін растады. Қазіргі таңда елорда әуежайы — Орталық Азияда осы сертификатқа ие жалғыз әуежай.



