2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда не өзгерді: ең маңызды жаңалықтар

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда салық, әлеуметтік төлемдер, кәсіпкерлік, жылжымайтын мүлік, көлік және күнделікті өмірге қатысты бірқатар маңызды өзгерістер күшіне енді. Төменде соның ең өзектілерін жинақтап ұсынамыз.
Салық және қаржы саласындағы өзгерістер
Елде жаңа Салық кодексі қолданысқа енгізілді. Қосылған құн салығы (ҚҚС) 12%-дан 16%-ға өсті. Дегенмен бірқатар тауарлар мен қызметтер үшін төмендетілген мөлшерлеме белгіленіп, кейбірі бұл салықтан мүлде босатылды. Айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 4325 теңгеге жетті (бұрын – 3932 теңге). Осыған байланысты айыппұлдар, салықтар, әлеуметтік төлемдер мен басқа да есептік көрсеткішке тәуелді төлемдер артты. Сонымен қатар бірнеше салықтық шегерімнің орнына бір базалық шегерім енгізілді. Оның мөлшері 30 АЕК (129 750 теңге), бұл бұрынғы 14 АЕК-тен едәуір жоғары. Нәтижесінде азаматтардың қолына алатын жалақысы ұлғаюы мүмкін.
Құжаттар, аударымдар және мүлік
Жеке куәлікті алғаш алу және мерзімі аяқталған жағдайда ауыстыру енді тегін. Ал паспорт, жүргізуші куәлігі және өзге де құжаттарды рәсімдеу АЕК-тің өсуіне байланысты қымбаттады. Мобильді аударымдарды бақылау тәртібі де өзгерді: егер үш ай қатарынан 100 және одан да көп адамнан ақша түсіп, жалпы сома 1 миллион теңгеден асса, тексеру жүргізіледі. Жылжымайтын мүлікті салықсыз сату үшін оны кемінде 2 жыл иелену қажет. Егер осы мерзімге жетпей сатып, табыс тапсаңыз, 10–15% мөлшерінде жеке табыс салығын төлеу міндеттеледі.
Кәсіпкерлерге арналған жаңалықтар
2026 жылдан бастап үш арнайы салық режимі жұмыс істей бастады: өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған режим, оңайлатылған декларация негізіндегі режим және фермерлерге арналған режим. Жеке кәсіпкерлер 1 наурызға дейін өздерінің салық режимін растауы тиіс. Егер хабарлама берілмесе, кәсіпкер автоматты түрде жалпыға бірдей салық салу режиміне ауыстырылады.
Төлемдер, жәрдемақылар және зейнетақы
Зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын пайдалану үшін қажетті жеткіліктілік шегі орта есеппен 10%-ға өсті. Зейнетақы төлемдерінен енді жеке табыс салығы ұсталмайды, ал бұрын кейінге қалдырылған ИПН есептен шығарылады. Балаларға Ұлттық қордан төлемдер жалғасады, нақты сома әлі бекітілмегенімен, өткен жылы бір балаға 129,38 доллар аударылған. Кейбір жәрдемақылардың мөлшері де артты. Мысалы, 1, 2 және 3-бала туған кезде берілетін біржолғы төлем 164 350 теңгеге дейін өсті.
Көлік және жол мәселелері
Бірқатар өңірде автокөлікті міндетті сақтандыру қымбаттады. Полис құны көліктің нақты жүрген жеріне емес, тіркелген аймағына байланысты есептеледі. Ескі көліктер үшін көлік салығы азайтылды: 11 жылдан асқан көліктерге 30% жеңілдік, ал 20 жылдан асқандарға 50% жеңілдік қарастырылған. Сонымен қатар ақылы жолдар саны артты. Мысалы, Қарағанды – Балқаш тасжолының бір бөлігі енді ақылы негізде жұмыс істейді.
Жаңа жылмен бірге енген бұл өзгерістер азаматтардың күнделікті өмірі мен қаржылық жоспарларына тікелей әсер етеді. Сондықтан әрбір жаңалықты ескеріп, өз құқықтарыңыз бен міндеттеріңізді біліп жүрген маңызды.



