Спорт

Елордада велотректен республикалық деңгейдегі алғашқы қысқы чемпионат өтті

Астанадағы «Сарыарқа» велотрегінде велотректен Қазақстан Республикасының алғашқы қысқы чемпионаты ұйымдастырылды. Бұл жарыс 2026 жылғы веломаусымның ресми басталуын айқындап, отандық велоспорт тарихындағы маңызды оқиғалардың біріне айналды.

Республикалық біріншілікке еліміздің барлық өңірінен 14 команда қатысып, 100-ге жуық спортшы өзара бақ сынады. Чемпионат жас спортшылар үшін тәжірибе жинауға, ал тәжірибелі шабандоздар үшін жаңа маусым алдындағы дайындық деңгейін пысықтауға мүмкіндік берді.

Қазақстан Республикасының Ұлттық велосипед спорты федерациясының атқарушы директоры Виталий Мазуренко жарыстың маңыздылығына тоқталып өтті.

— Қысқы чемпионат — спортшылар үшін маусымды сенімді бастауға жол ашатын маңызды алаң. Қазақстан велоспорты халықаралық деңгейде қарқынды дамып келеді. SportQory қорының қолдауымен біз 2026 жылғы Азиада ойындарына дайындалып жатырмыз. Бұл жарыс отандық велоспорттың дамуына үлкен серпін береді, — деді ол.

Жарыс қорытындысы бойынша елордалық спортшылар жоғары нәтижелер көрсетіп, жалпы саны 12 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 2 алтын, 4 күміс және 6 қола жүлде бар.

Астаналық велотрекшілердің жүлделі нәтижелері:

Мэдисон (ерлер, топтық жарыс):
Рамис Дінмұхаметов (микс команда)
Сергей Кармажаков (микс команда)

ГИТ – 1000 м (ерлер):
Диас Базарбеков

Скретч (ерлер):
Рамис Дінмұхаметов
Сергей Кармажаков

Кейрин (ерлер):
 Диас Базарбеков
Дмитрий Резанов

Жеке із қуу жарысы (ерлер):
Рамис Дінмұхаметов

Командалық із қуу жарысы:
Рамис Дінмұхаметов, Сергей Кармажаков

Командалық спринт:
Дмитрий Резанов
Диас Базарбеков

Топтық ұпай жарысы (ерлер):
Рамис Дінмұхаметов

Айта кетейік, чемпионат Қазақстан Республикасының Ұлттық велосипед спорты федерациясы мен Астана қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен, SportQory қорының қолдауымен өтті. Бұл жарыс еліміздегі велотрек спортының дамуына жаңа серпін беріп, алдағы халықаралық додаларға дайындықтың маңызды кезеңі болды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button