Басты жаңалық

Ермек Көшербаев Нәзір Төреқұловтың қазақ дипломатиясының қалыптасуына қосқан үлесін атап өтті

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев «Нәзір ғұмыр — тәлім ғұмыр» атты салтанатты іс-шара барысында көрнекті мемлекет қайраткері, қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби дипломат Нәзір Төреқұловтың отандық дипломатияның қалыптасуындағы айрықша рөлін атап өтті.

Іс-шара аясында елордадағы Нәзір Төреқұлов атындағы №35 мектеп-лицейінде тұлғаның бюсті ашылып, өмір жолы мен дипломатиялық қызметіне арналған арнайы музейдің тұсауы кесілді. Сонымен қатар, Нәзір Төреқұловтың тарихи мұрасын талқылауға арналған ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды.

Сыртқы саяси ведомство басшысының құттықтау хатын қатысушыларға Қазақстан Республикасы СІМ Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы Ерлан Жетібаев оқып берді. Министрдің үндеуінде Нәзір Төреқұловтың халықаралық аренада қазақ дипломатиясының негізін қалаған көрнекті мемлекет қайраткері екені атап өтілді. Оның терең білімі, парасаты мен ел алдындағы жауапкершілігі жас ұрпаққа шынайы отаншылдықтың жарқын үлгісі екені айтылды.

Салтанатты жиынға мемлекеттік органдардың өкілдері, дипломатиялық корпус мүшелері, ғалымдар, дипломатия саласының ардагерлері және Нәзір Төреқұловтың ұрпақтары қатысты. Қонақтар сондай-ақ Түркістан музейі ұйымдастырған «Ұлт рухын көтерген тұлға: Нәзір Төреқұлов» атты көшпелі көрмені тамашалады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл кездесу жастарға отандық дипломатия тарихын тереңірек танып, ұлттық мүддеге қызмет етудің маңызын ұғынуға мүмкіндік берді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button