Қоғам

Астанаға қосымша ауыз су көзі тарту жоспарлануда

Биыл Астананы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында Қаныш Сәтбаев атындағы каналдан қосымша су көзін тарту жұмыстары басталады. Бұл туралы «Астана су арнасы» кәсіпорны хабарлады.

Қазіргі уақытта елорданың негізгі су көзі — «Астана» (Вячеславка) су қоймасы. Ол Астанадан оңтүстік-батысқа қарай 51 шақырым жерде, Ақмола облысының Аршалы ауданында орналасқан. Су қоймасының жалпы көлемі 410 млн текше метрді құрайды.

Қазіргі таңда «Астана су арнасы» кәсіпорнының үш сорғы-сүзгі станциясы жұмыс істейді. Оның біріншісі 1960 жылдан бері қызмет көрсетіп келеді және 2017–2018 жылдары қайта жаңғыртудан өткен. Екінші станция 2011 жылы іске қосылып, оны түрік компаниясы салған. Ал үшінші, ең жаңа станция 2024 жылдың ақпан айында пайдалануға берілді.

Айта кетейік, Қаныш Сәтбаев атындағы канал — Қарағанды және Павлодар облыстарындағы өнеркәсіп орындарын сумен қамтамасыз ететін стратегиялық маңызы бар нысан. Сонымен қатар, бұл канал Жезқазған, Қарағанды және Павлодар қалалары үшін ауыз судың негізгі көзі болып саналады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button