Ерекше марафон: 25 күн, 25 шақырым және 2 294 қатысушы
Астанада Республика күніне арналған «25 қазан – 25 шақырым» онлайн-марафоны аяқталды. 25 күнге созылған спорттық челленджге 2 294 адам қатысып, жүгіру және жаяу жүру арқылы салауатты өмір салтын қолдады.

Қала әкімдігі мен Дене шынықтыру және спорт басқармасы ұйымдастырған марафонға қатысушылар екі бағыттың бірін таңдады. 1 485 адам жүгірсе, 809 адам жаяу жүрді.
Қатысушылардың шамамен 90 пайызы Астана тұрғындары болса, қалғаны Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Атырау және еліміздің басқа өңірлерінен қосылды.
Марафонға Алматыдан осы жазда елордаға көшіп келген Альбина Келгенбаева да қатысты. Ол 25 шақырымды небәрі үш күнде жүріп өтіп, қатысушылар арасында 64-орынға ие болған.
«Бұл челлендж мен үшін жай ғана спорт жарысы емес, өз ерік-жігерімді, тәртібім мен табандылығымды тексеруге мүмкіндік болды. Ол маған алға ұмтылуға, денсаулығыма көңіл бөлуге және қол жеткізген жетістіктеріммен тоқтап қалмауға қосымша мотивация берді», – дейді ол.
Марафон барысында қатысушылар әлеуметтік желілерде өз нәтижелерімен бөлісіп, спортты күнделікті өмірге енгізудің үлгісін көрсетті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастамалар тұрғындарды ортақ мақсатқа біріктіріп, дене белсенділігін арттыруға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға ықпал етеді.



