Барыс аренада 135 елден келетін 900-ден астам балуан бақ сынайды
Астанада күрес түрлерінен ересектер арасындағы әлем чемпионаты өтіп жатыр. 24 қазан мен 1 қараша аралығында «Барыс Арена» спорт кешенінде 135 елден келген 900-ден астам балуан әлемнің үздігі атану үшін күреседі.

Биылғы чемпионаттың басты тартыстарының бірі еркін күрестің 97 келі салмағында өтуі мүмкін. Бұл санатта Олимпиада чемпиондары Кайл Снайдер, Абдулрашид Садулаев, Ахмед Тажудинов пен Хасан Яздани белдеседі. Төрт балуанның арасындағы бәсеке жанкүйерлердің ерекше қызығушылығын тудырып отыр.
Грек-рим күресінде де әлемдік деңгейдегі спортшылар өнер көрсетеді. Олардың қатарында Париж Олимпиадасының чемпионы Мохаммадхади Сарави мен тәжірибелі түркиялық балуан Рыза Каяалп бар.
Әйелдер күресінен де 200-ден астам спортшы чемпиондық атаққа таласады. Қатысушылар арасында әлем чемпиондары мен халықаралық жарыстардың жүлдегерлері бар.
Қазақстан құрамасы да өз жанкүйерлерінің алдында толық құраммен өнер көрсетеді. Көпшілік еркін күрестен Ризабек Айтмұқан мен Нұрқожа Қайпановтың, грек-рим күресінен Айдос Сұлтанғали мен Мейрамбек Айнағұловтың, әйелдер күресінен Жәмила Бақбергенованың өнеріне үміт артады.
Үш күрес түрі бойынша 30 салмақ дәрежесінде жеңімпаздар анықталады. Әлем чемпионаты 1 қарашаға дейін жалғасады.
Өтетін орны: Астана, «Барыс Арена» спорт кешені.
Мерзімі: 24 қазан – 1 қараша 2026 жыл.



