Басты жаңалықҚоғам

Астана мен Алматыда жүргізушісіз такси сынақтан өтеді

Қазақстанда алғаш рет жүргізушісіз такси жобасы іске қосылмақ. Бұл туралы ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі пилоттық жобаға қатысты мәліметтерді жариялады. Бұған дейін министрлік, Көлік министрлігі, Астана қаласының әкімдігі және inDrive пен Yandex Qazaqstan компаниялары арасында жүргізушісіз таксиді іске асыру жөнінде екі меморандумға қол қойылған.

Жобаны іске асыру кезеңдері
Пилоттық жоба 3 жылға жоспарланған және бірнеше кезеңмен жүзеге асырылады. Алғашқы кезеңде арнайы сынақ полигонында технологиялық шешімдер тексеріліп, болашақ маршруттар мен инфрақұрылым параметрлері дайындалады. Кейінгі кезеңдерде жүргізушісіз көліктер Астана мен Алматы қалаларында алдын ала келісілген бағыттар бойынша қала ішінде кезең-кезеңімен сынақтан өтеді. Барлық процесс тұрақты бақылау мен мониторинг арқылы жүзеге асады.

Жол инфрақұрылымын дайындау
Жол белгілерін салу, жол таңбаларын жаңарту, жолаушыларды отырғызу және түсіру аймақтарын ұйымдастыру 2026 жылдың I тоқсанына жоспарланған. Дегенмен Астанада нақты қай көшелерде сынақ жүргізілетіні әзірге бекітілмеген.

Қандай көліктер қолданылады
Қазіргі таңда жүргізушісіз такси ретінде қолданылатын көліктердің нақты модельдері анықталған жоқ. Олардың жолаушы сыйымдылығы мен қызмет форматы жобаны дайындау және іске қосу барысында нақтыланады.

Жобада көліктің автономдылық деңгейі халықаралық ISO/SAE PAS 22736 классификациясына сай белгіленеді. Негізгі мақсат — L4 деңгейі, яғни белгілі бір жағдайларда салонда жүргізушісіз жоғары деңгейде автоматтандырылған қозғалыс. Сонымен қатар өтпелі кезеңде L3 деңгейі қарастырылған, бұл жағдайда салонда қажет болғанда басқаруды өз қолына алатын жүргізуші болады.

Такси тарифтері қалай белгіленеді
Жүргізушісіз таксидің жолақысы сервисті ұсынатын операторлар тарапынан нарықтық жағдайға, технология мен инфрақұрылым шығындарына және қолданыстағы заңнама талаптарына сай өз бетінше белгіленеді.

Айта кетейік, бұған дейін ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мун Instagram парақшасында Астанада қыс мезгілінде жүргізушісіз көліктің эксперименттік режимде алғаш рет іске қосылғанын көрсеткен болатын.

Басқа жаңалықтар

Back to top button