Қоғам

Астанада қар күреу жұмыстары тәулік бойы жүргізіліуде

Елордада қыс мезгілі басталғалы бері коммуналдық қызметтер тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Қар күреу жұмыстары күндіз де, түнде де үздіксіз жүргізіліп жатыр.

Астана қаласы әкімдігінің мәліметінше, өткен түнде қала аумағынан арнайы қар полигондарына 3 832 рейс жасалып, 60 784 текше метр қар шығарылған.

9 ақпан күні таңғы уақыттан бастап қар тазалау жұмыстарына 3 145 жол жұмысшысы мен 1 942 арнайы техника жұмылдырылды. Жалпы, қыс маусымы басталғалы бері елордадан 301 204 рейспен 4 миллион 310 мың 675 текше метр қар полигондарға шығарылған.

Алдымен негізгі көшелер мен қоғамдық көлік жүретін бағыттар тазартылып жатыр. Одан кейін қозғалыс қарқыны орташа аумақтарда, соның ішінде аулаларда, алаңдарда, тротуарлар мен аялдамаларда қар күреу жұмыстары жүргізіледі.

Қала тұрғындарының қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында жолдар мен жаяу жүргіншілер аймақтарына техникалық тұз себілуде. Бұл жұмыстар да тәулік бойы атқарылуда.

Сонымен қатар аула аумақтарының тазалығы пәтер иелері кооперативтері мен мүлік иелері бірлестіктерінің жауапкершілігінде. Олар тұрғындардың қауіпсіздігі мен қолайлылығы үшін аулаларды қар мен көктайғақтан уақытылы тазалауға міндетті.

Астана қаласының әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарын қауіпсіздік шараларын сақтауға, жолдар мен тротуарларда барынша мұқият болуға және қолайсыз ауа райы кезінде алыс жолға шықпауға шақырады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button