Есіл жағасындағы бәсеке және қайырымдылық акциясы

Есіл өзенінде спорттық балық аулаудан Астана қаласының чемпионаты өтті. Ауқымды жарысты Астана қаласының Спорттық балық аулау федерациясы ұйымдастырды.
Жарыстың әділ әрі талапқа сай өтуін кәсіби төрешілер алқасы қамтамасыз етті. Бас төреші міндетін Бақытжан Әділбеков атқарса, төреші хатшы қызметін Андрей Рогов орындады. Ал балық аулау аймақтарында төрешілік жасаған – Данил Коротовский.
Ұйымдастыру комитеті чемпионатқа жан-жақты дайындық жүргізді. Өзеннің түбі мен ағысы зерттеліп, арнайы балық аулау аймақтары белгіленді.
Жарыс бағдарламасы бірнеше кезеңнен тұрды: қатысушыларды тіркеу, салтанатты ашылу рәсімі, құралдарды техникалық тексеру, балық аулау кезеңі, нәтижелерді есептеу және марапаттау.
Жарыс күні ауа райы қолайлы болып, турнир нағыз тартысты бәсеке жағдайында өрбіді. Қатысушылар өз тактикасы мен техникасына барынша мән беріп, шеберліктерін толық көрсете алды.
Чемпионат қорытындысы бойынша жүлделі орындар келесідей бөлінді:
• Бірінші орын – Абай Мұқанов.
• Екінші орын – Антон Родионов.
• Үшінші орын – Амангелді Салықов.
Ал «Big Fish» арнайы номинациясында (ең ірі балық үшін) Вячеслав Байгужин жеңіске жетті.
Биылғы чемпионаттың басты ерекшелігі – оның қайырымдылық бағытта ұйымдастырылуы. Жарыс барысында ауланған барлық балық жануарларға арналған панажайға тапсырылды. Бұл игі бастама «Добро рулит» клубының еріктілері тарапынан жүзеге асырылды. Аталған клуб – Астана қаласының Спорттық балық аулау федерациясының жастар қанаты.
Сонымен қатар, клуб белсенділері әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға азық-түлік себеттерін дайындап, үлестірді. Осылайша, Есіл жағасында бір мезетте екі маңызды іс жүзеге асты: беделді спорттық жарыс өткізіліп, көмекке мұқтаж жандарға нақты қолдау көрсетілді.



