
Көпшілік біле бермейді: стихиялық қоқыс орындарына, ашық жатқан люктерге немесе сынған орындықтарға ресми түрде eGov Mobile қосымшасы немесе Telegram-дағы TazaQazBot арқылы шағым қалдыруға болады. Өтінім қаралып, жауапты мекемелерге жіберіледі. Мәселе шешілген соң, сізге фотоесеп те жолданады.
Бұрын бұл туралы жазғанбыз. Сол кезде бір оқырманымыз тәжірибесімен бөліскен еді:
«10 шілдеде Telegram-бот арқылы үйдің артындағы қоқыс үйіндісін тазалау туралы өтінім бердім. 15 шілдеде жауапты тұлға бекітілгені туралы хабар келді. 16 шілдеде қоқыс толық тазаланып, фотоесеп жіберілді. Ол үшін Азаматтардың мобильді базасында тіркелу керек, Telegram-дағы нөмір ИИН арқылы тексеріледі».
Өтінімді қалай беруге болады:
1. eGov Mobile қосымшасына кіріп, авторизациядан өтіңіз
2. Басты беттен «Taza Qazaqstan» бөлімін таңдаңыз
3. «Өтінім беру» → «Жаңа өтінім» батырмасын басыңыз
4. Фото жүктеп, картадан нақты орнын белгілеңіз
5. Мәселені сипаттап, мекенжай мен байланыс нөмірін көрсетіңіз → «Дайын»
Сондай-ақ өтінімді TazaQazBot арқылы да беруге болады — алгоритмі дәл сондай.
Мәселе шешілген соң, атқарылған жұмыс бойынша фотоесеп алып, қызмет сапасын бағалай аласыз.



