Басты жаңалықҚоғам
Жеңілдетілген несие арқылы сатылатын 562 пәтерге өтінім қабылдануда
Астанада тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға арналған 562 пәтердің сатылымына өтінім қабылданып жатыр. Кредиттік тұрғын үй А91 көшесіндегі №36, 36/1, 36/2 және 36/3 үйлерден ұсынылады. Бағдарлама Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылуда.

Өтінімдер 7–19 қазан аралығында Baspana Market сайтының жеке кабинеті арқылы қабылданады. Үміткерлерді іріктеу 21 қазанға жоспарланған.
Сатып алушыларға қандай пәтерлер ұсынылады?
Жалпы 562 пәтердің ішінде:
- 1 бөлмелі – 166;
- 2 бөлмелі – 276;
- 3 бөлмелі – 80;
- 4 бөлмелі – 40 пәтер.
Тұрғын үйлер бес қабатты. Ғимараттарда лифт қарастырылмаған. Пәтерлер толық әрленген күйде сатылады.
Баспана бағасы мен несие шарттары
Бір шаршы метрдің бағасы – 332 916 теңге. Несие бойынша жылдық пайыздық мөлшерлеме – 5%, ал жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 5,2–5,8% аралығында. Бастапқы жарна пәтер құнының 10%-ынан басталады.
Тұрғын үй нысандарының кодтары: 10336, 10338, 10339 және 10340.



