«Психологқа бармаған адам психиатрға жүгінеді»: маман пікірі
Өркениетті қоғамда күйзеліске түскендер психолог көмегіне жүгінеді. Олар үшін бұл – қалыпты жағдай. Ал біздің елде мәселе күрделенсе де психолог маманға баруға асықпайтындар көп. Психологтар мұның себебі психологиялық сауаттың төмендігінен және өзі туралы шындықты қабылдаудан қорқатындардың көптігінен деп санайды.

Жан дүниесі күйзелгендер психологқа жүгінуге неге асықпайды? Депрессиядан уақытында арылмаудың салдары қандай? Біз бұл сұрақты клиникалық психолог Дана Жұмағалиеваға қойдық.
– Психологқа бармаудың ең негізгі себеп – психологиялық сауаттың төмендігі. Адамдар өзінің ұзақ уақыт бойы нашар эмоцияда жүргенін байқамайды немесе «мен ғана емес, бәрінің де проблемасы бар, бұл қалыпты» деп ойлайды. Сондықтан өз бетінше шыдап, «уақыт емдейді» деген ұстаныммен жүре береді. Көбіне психологқа соңғы сәтте – ауыр депрессияға ұшырағанда, толық апатия немесе ішкі күйзеліс шыңына жеткенде ғана келеді. Ең үлкен кедергі – «қайда норма, қайда патология» екенін ажырата алмау. Әсіресе қолдау көрмеген отбасында өскен адамдарда «қиындыққа төзе білу» әдеті қалыптасады. Олар жүйкесі жұқарса да төзіп жүре береді. Бірақ шегіне жеткенде кеш болады.
– Тағы бір себебі қаржыға байланысты шығар, психологтың қабылдауына кіру ақылы әрі арзан емес...
– Қаржының кедергі болатыны рас, бірақ ол негізгі себеп емес. Адамдар басы ауырып, балтыры сыздағанда дәрігерге қаралатын ақшаны тез табады ғой. Ал психологиялық көмекке келгенде «кейін барам», «бағасы қымбат екен» деп кейінге қалдырады. Дәл осы кейінге қалдырудың салдарынан дерті дендеп кетуі мүмкін. Ал, шын мәнінде, психолог «көмектеспейді», «бөтен адамға жан дүниемді ашу ыңғайсыз емес пе?» деген ішкі дауысы тежей береді.
Оның үстіне, өзі туралы шындықпен бетпе-бет келетіні және оны мойындаудан туындайтын үрей бар. Иә, алғашқы сессияда жағдайы нашарлауы мүмкін — бұл қалыпты процесс. Бірақ нәтиже маманға деген сенім деңгейіне байланысты. Мен әрқашан бірінші кездесуді 2 сағат немесе одан да ұзақ өткіземін. Сол уақытта ғана пациентіммен сенімді байланыс құрамыз. Егер сенім болмаса, жұмысты жалғастырмаймыз. Тағы бір маңызды кедергі — рационализация: адам бәрін ақылмен түсініп, сезіміне жол бермейді. Мұндай клиентпен жұмыс істеу де қиын.
– Дана Дарханқызы, пациенттеріңіз психологиялық күйзелістің қай кезеңінде келеді?
– Көбіне депрессия асқынғанда, апатия кезінде, адамдармен қарым-қатынасы қиындағанда, отбасы мәселесі асқынғанда, «кіммін, қайда барамын?» деген сұрақтың жауабын таба алмай қалғанда және ұзаққа созылған психосоматикалық аурулар кезінде келеді. Ал оған дейін «кейін барамын», «тағы шыдаймын», «уақыт емдейді» деген механизмімен жүріп алады. Көп жағдайда қалжыраудың соңғы шегіне жеткенде ғана келеді.
– Сіз сипаттаған адамдарды егде жастағыларға ұқсаттым. Ал жастар арасында психологиялық көмекке сұраныс бар ма? Жастар да күйзеліске ұшырай ма деген сұрақ қойсам әдепсіздік бола ма?
– Жастар психологияны жақсы түсінеді және өз-өзіне күтім жасауды қалыпты санайды. Олардың күйзеліске түсуіне әлеуметтік желілердегі үздіксіз салыстыру, жылдам өзгеретін әлем және «20 жасымда машина алдым» деген жазбалар әсер етеді, мұндай контент оларға қысым жасайды. Әсіресе студенттер өте сезімтал. Бастысы, жастар арасында психологиялық қысымда қалғанын түсінетін және бірден психологқа жүгіну туралы шешім қабылдайтындары бар.
– Психологтан қорқатындарға не айтар едіңіз?
– Қорқыныш — белгісіздікке деген қалыпты реакция. Алғашында ыңғайсыз немесе жағымсыз сезімдер болуы мүмкін. Бірақ есте сақтаңыз: психологқа өзіңіз үшін барасыз. Өзіңізді жақсырақ түсіну үшін мәселеңізді қауіпсіз ортада, қысымсыз және біртіндеп зерттейсіз. Процесті өзіңіз басқарасыз, маманды өзіңіз таңдайсыз. Кәсіби психологтар сізбен мұқият жұмыс істейді.
– Психологиялық қиындықты елемеу адам өміріне қалай әсер етеді?
– Күйзелісте жүргенін елемеудің салдары ауыр, бір ғана мысалын айтайын – суицидтік ойға жетелеуі мүмкін. Себебі адам өзін жалғыз сезінеді, сырласатын, қиындықтан шығар жол іздегенде демеу болар жан қалмағанын сезінуден асқан қорлық жоқ. Бұл психиканың бұзылуына алып келеді. Ол кезде адам психологқа емес, психиатрға жүгінуге мәжбүр болады. Себебі психосоматика күшейеді — тән аурулары пайда болады. Менің тәжірибемде мұндай жағдай жиі кездеседі. Сондықтан «психологқа уақытында бармасаң, психиатрға барасың» деген сөз — әзіл емес, шындық.
– Өзге елдердегідей психолог қызметіне жүгінуді әдетке айналдыру үшін бізде не өзгеруі керек?
– Біріншіден, психологқа барғандар терапия нәтижесін бөліскені жөн. Достары мен туыстарына «мен бардым, маған көмектесті» немесе «маған көмегі тиді, сен де барып көр» деуіміз керек. Адамдар өз тәжірибесін бөліскен сайын, басқаларға да шешім қабылдау жеңіл болады. Психологқа баруды әдеттегі және қажетті іс ретінде насихаттау маңызды. Сонда дәрігерге қаралу үшін баратынымыздай психологқа бару да қалыпты құбылысқа айналады. Осы жерде психолог пен ем-дом үшін рецепт жазып беретін емхана дәрігерінің айырмасын айта кетейін. Көп адам психологтан дайын рецепт күтеді: «енді не істеймін, ажырасуым керек пе?», «ұжымымда сондай мазасыз адам бар, жұмыстан кетуім керек пе?» деп тікелей сұрақ қояды. Бірден айтайын, психолог сізге кеңес бермейді — ол сізге өз жауабыңызды табуға көмектеседі.
Сұхбаттасқан АйшаТӨЛЕУ, MNU студенті



