«Нұра» ауданында жаңа демалыс орындары көбейіп келеді

Астананың «Нұра» ауданында аулалар мен қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Аудан құрылғаннан бері 50-ден астам аула мен 15-ке жуық гүлзар жаңартылды.
Қазір тұрғындарға жақын жерде демалып, серуендеуге мүмкіндік беретін жаңа қоғамдық орындар тұрғын үй кешендерінің маңынан да ашылуда.
Инвесторлардың қаржысы есебінен ауданда 7 гүлзар абаттандырылып, тағы 5 нысанда жұмыс жалғасып жатыр. Солардың бірі – ашық аспан астындағы ғарыш музейінің жанындағы «ҚазМұнайГаз» гүлзары.
Қаланың бұрыннан таныс орындары да жаңарып келеді. Орталық саябақтағы аллея жаңартылса, биыл Елорда циркі маңындағы аумақты абаттандыру аяқталмақ. Ал «Астана жұлдызы» стеласында кешенді жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр.
Аудандағы ірі жобалардың бірі – Greenline аллеясы. Оның алғашқы кезеңі 2025 жылы аяқталған. Қазір екінші кезең бойынша жұмыстар жүргізіліп, аумақтар абаттандырылып, көгалдандырылуда. Жобаны биыл қазан айында аяқтау жоспарланған.
Сонымен қатар Кіші Талдыкөл көлінің маңында Экопарк салу басталды.
«Нұра» ауданында көгалдандыру жұмыстарына да ерекше көңіл бөлінуде. Соңғы бірнеше жылда мұнда 24,5 мың ағаш және 277 мыңға жуық бұта отырғызылған. 2026 жылдың соңына дейін тағы 8,5 мыңнан астам ағаш пен 132 мыңнан астам бұта егу жоспарланып отыр.
Осылайша, ауданда тұрғындардың үйіне жақын орналасқан жасыл аймақтар мен демалыс орындарының саны артып келеді.



