Көлік көбейіп келеді: қала жолдары қалай өзгереді?
Астанада қазір 471 мың көлік тіркелген. Оның саны жыл сайын 25-30 мыңға артып келеді. Бұған қоса, күн сайын елордаға шамамен 150 мың автокөлік кіріп-шығады. Бұл қала жолдарына түсетін жүктемені күшейтіп отыр.

Астана әкімі Жеңіс Қасымбектің мәліметінше, көлік қозғалысын реттеу үшін жол инфрақұрылымы мен қоғамдық көлікті дамыту жұмыстары қатар жүргізілуде.
Қаладағы қозғалысты Жол қозғалысын басқару орталығы үйлестіреді. Ал Smart City жобасы аясында 1 200-ден астам жол ережесін тіркеу кешені және 60 мыңнан астам бейнекамера жұмыс істейді. Жасанды интеллект негізіндегі 35 түрлі видеосараптама енгізілген.
Қоғамдық көлік те күшейтіліп жатыр. Bus Lane жолақтарының ұзындығы 146 шақырымға жетті. Автобус саны соңғы жылдары 1 200-ден 1 900-ге дейін өсті. Биыл 80 автобус қосылса, келесі жылы тағы 350 автобус сатып алу жоспарланған.
Ал Tarlan Astana жеңіл рельсті көлік жүйесін автобус маршруттарымен және көлік-логистикалық тораптармен байланыстыру көзделіп отыр. 2030 жылға қарай қоғамдық көлікті пайдаланушылар үлесін 60%-ға жеткізу жоспарланған.
Жол инфрақұрылымында да өзгерістер бар. №38 көшенің құрылысы бірнеше ірі даңғылдағы жүктемені азайтуға бағытталған. Қабанбай батыр даңғылында екі деңгейлі жол салу, Хусейн бен Талал көшесін өзен үстіндегі көпір арқылы жалғастыру жобалары қарастырылуда.
Көлік саны артқан сайын елорда жолдары да жаңарып, қозғалысты басқарудың жаңа тәсілдері енгізіліп келеді деді қала әкімі өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.



