«Нұра» ауданында 8,5 мыңға жуық ағаш отырғызылады
Астананың «Нұра» ауданында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бастамасы аясында ағаш отырғызу жұмыстары жалғасуда. Кезекті акция барысында аудан аумағына 400-ге жуық көшет отырғызылды.

Экологиялық шараға «Әділет» партиясының әйелдер қанаты бастамашы болып, аудан тұрғындары қатысты. Акцияның мақсаты – қаланы көгалдандырумен қатар, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау және ортақ кеңістікті күтіп ұстау мәдениетін қалыптастыру.
«Нұра» ауданы әкімінің орынбасары Әлия Әбсеметова тұрғындардың экологиялық бастамаларға белсенді қатысуы маңызды екенін атап өтті.
«Мұндай бастамалардың негізгі идеясы – тек өз аулаңмен шектелмей, айналадағы ортаға да қамқорлықпен қарау. Бұл – баршамызға ортақ қаланың алдындағы жауапкершілік», – деді ол.
Көгалдандыру жұмыстары Үркер тұрғын алабында да жалғасады. Өткен аптада аудан аумағында 800-ден астам ағаш отырғызылған.
Жалпы, 2026 жылы «Нұра» ауданында 8,5 мыңға жуық ағаш отырғызу жоспарланып отыр. Бұл жұмыстар елорданың жасыл желегін көбейтіп, тұрғындар үшін қолайлы әрі таза орта қалыптастыруға бағытталған.



