Қоғам

Жұмыс іздеушілерге 3,6 мыңнан астам бос жұмыс орны ұсынылды

Астанада жыл басынан бері өткен бос жұмыс орындары жәрмеңкелеріне 453 жұмыс беруші қатысып, 2 821 азамат қамтылды. Жұмыс іздеушілерге жалпы саны 3 665 бос жұмыс орны ұсынылды.

Жәрмеңкелер барысында тұрғындар жұмыс берушілермен тікелей байланысып, өздеріне сәйкес бос жұмыс орындарымен танысты. Сонымен қатар еңбек шартын жасау, еңбек құқықтары, әлеуметтік төлемдер мен мемлекеттік қолдау шаралары бойынша мамандардан кеңес алды.

Іс-шараларға Еңбек инспекциясы, Әлеуметтік қорғау департаменті, Білім, Денсаулық сақтау, Спорт және Тұрғын үй басқармаларының, сондай-ақ Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры мен Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының өкілдері қатысты.

Мамандар тұрғындардың мүгедектікті белгілеу, әлеуметтік қорғау, білім алу, медициналық қызметтер, спорттық үйірмелер, тұрғын үй және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысты сұрақтарына жауап берді.

Жәрмеңкелердің нәтижесінде 17 азамат тұрақты жұмысқа орналасып, 19 адам әлеуметтік жұмыс орындарына жолданды.

«Жұмыс іздеп жүрген азаматтар бос жұмыс орындарымен танысып қана қоймай, еңбек қатынастары, әлеуметтік төлемдер, медициналық сақтандыру және басқа да мемлекеттік қолдау шаралары бойынша мамандардан кеңес алды», – деді «Сарыарқа» және «Байқоңыр» аудандары Мансап орталығының директоры Бағила Орынбетова.

Басқа жаңалықтар

Back to top button