Meta компаниясы Instagram әлеуметтік желісінде жасөспірімдерді анықтауға арналған жасанды интеллект технологиясын әлем бойынша кеңейтетінін жариялады.
Жаңа технология қолданушының аккаунтта көрсеткен туған күніне ғана сүйенбейді. Жүйе профильдегі ақпараттарды, жарияланымдарды, пікірлерді, өмірбаян бөлімін, фотосуреттер мен видеоларды талдап, адамның жасөспірім болуы мүмкін екенін анықтайды.
Егер жасанды интеллект қолданушыны кәмелетке толмаған жасөспірім деп болжаса, оның аккаунты автоматты түрде Teen Account қорғаныс жүйесіне ауыстырылуы мүмкін. Бұл режимде бейтаныс адамдардың хабарлама жіберуіне шектеу қойылады, зиянды пікірлер жасырылады және аккаунт әдепкі бойынша жабық болады.
Компанияның мәліметінше, жаңартудың мақсаты – жасын ересек деп көрсеткен жасөспірімдердің де қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Meta бұл технологияны Facebook платформасында да дамытып жатыр. Ал Threads желісіне ұқсас жүйені осы жылдың соңында енгізу жоспарланған.
Сонымен қатар АҚШ-та ата-аналарға Instagram арқылы балалардың аккаунттарын қорғау тәсілдері туралы арнайы хабарламалар жіберіледі.
Бұл бастама әлеуметтік желілердегі балалар қауіпсіздігіне қатысты талаптар күшейіп жатқан кезеңде қолға алынды.



