Қоғам

Ерекше балаларды қалай қорғауға болады: сарапшылар ата-аналарға кеңес берді

Инклюзивті қоғам қалыптастыру жолында әлі де кедергілер бар. Ерекше бала өсіріп отырған ата-аналарға қолдау қажет. Түсіністік, мейірімділік таныту кейде кемшін. Осы орайда  ерекше балалардың, әлеуметтік тұрғыда осал және көпбалалы отбасылардың ата-аналары үшін «Балаларыңызды қалай қорғауға болады: буллинг, мүгедектік, жарақаттар» тақырыбында шеберлік сағаты өтті.

«Бақытты Шаңырақ» қоғамдық қоры мен Астана қаласының Ішкі саясат басқармасының қолдауымен өткен шеберлік сағаты «Елорда тұрғындарының бастамашыл топтарын қолдау» жобасы аясында жалғасын тапты.

Іс-шараға көпбалалы отбасылар, мүгедектігі бар балалардың ата-аналары, әлеуметтік осал санаттағы ата-аналар, педагогтар және әлеуметтік қызметкерлер қатысты.

Мамандар шеберлік сағаты барысында баланы буллингтен қалай қорғау керектігін, мүгедектігі бар балаларды отбасында және қоғамда қалай қолдауға болатынын түсіндіріп, жарақаттың алдын алу бойынша білім берді.

Аутизмі бар баланың анасы Ақмарал Қауымбекова ерекше балалардың ата-аналары үшін мұндай оқыту шараларының маңыздылығын атап өтті.

«Біз өзіміз тұратын тұрғын үй кешенінде-ақ буллингке ұшырадық. Кей адамдар шекараны білмей, балаңды немесе сені ренжітуі мүмкін. Қазір әлеуметтік желілерді қарап отырсаң, ерекше балаларға қатысты әділетсіздік көп. Біз балаларымыздың құқықтарын қорғауымыз керек. Буллинг – жай әзіл емес, онымен күресу қажет.

Сондықтан мұндай мастер-класстар ата-аналарға балаларын қорғауға, жарақаттың алдын алуға және өз баласын дұрыс қолдауға үйретуде өте маңызды», – дейді тренингке қатысушы.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button