19 желтоқсан дрон шоу болмайды

19 желтоқсан күні Астананың алты ауданында жаңа жылдық шыршаларды жағу шарасы өтеді. Осыған дейін мерекелік бағдарлама аясында дрон-шоу ұйымдастыру жоспарланған еді, алайда ауа райының қолайсыздығына және мамандардың ұсынымына байланысты ол кейінге қалдырылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
«Қазгидромет» РМК мәліметінше, Астанада қар жауып, бұрқасын болуы, желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетуі мүмкін. Осыған байланысты көрермендердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және техникалық құралдарды сақтау мақсатында дрондардың ұшуы уақытша тоқтатылды.
Айта кетерлігі, қалған мерекелік іс-шаралар жоспарға сәйкес өтеді. Биыл елордадағы жаңа жылдық бағдарлама «Ертегі Fest» атты бірыңғай ертегілік стильде ұйымдастырылып отыр.
Қаланың алты ауданында бір мезетте 40-тан астам жаңа жылдық шыршаның шамы жағылады. Барлық алаңда мұз айдындары, сырғанақтар, фотоаймақтар, шағын сәулет нысандары және өзге де мерекелік орындар жұмыс істейді.
Негізгі алаңдардағы концерттік бағдарламалар сағат 17:30-да басталады.



