Қоғам

Колледж түлектері бұрынғыдай жұмыс іздеп жүрмейді

Бүгін Астанада «Жұмысшы мамандықтар» жылын қорытындылауға арналған салтанатты шара өтті. Іс-шара аясында Астана қаласы әкімдігінің «Техникалық колледжі» жанынан ашылған өнеркәсіптік механика хабының паспорты табысталды. Жаңа хабтың маңызы туралы колледж директоры Абай Құрманқұлов айтып берді.

«Бұл бүкіләлемдік WorldSkills қозғалынысының аясында құзіреттіліктерді дамыту мақсатында ашылып отыр. Кез-келген өндіріс орындарына қажет сапалы маман даярлау оралықтың басты міндеті. Астана қаласы болсын, аймақтар болсын зауыд, фабрикаларда механикаландырылған құрылғы, құралдар бар. Оларды жөндейтін, қызмет көрсететін маман қажет. Сондықтан біз орталық ашып отырмыз. Ол үш жақты келісім бойынша жасалып отыр. Құрал жабдық Франциядан, мамамандар Ресей мен біздің елден», – деді колледж басшысы.

Елордада жұмысшы мамандықтарын даярлайтын «Кәсіби техникалық колледждің» директоры Римма Имангазинова бұл жыл оқу орны үшін айрықша маңызға ие болғанын атап өтті.

«Біздің негізгі мақсатымыз мықты, сапалы маман дайындау. Ел экономикасының дамуына жұмысшы мамандықтар қажет. Ал оларды біз дайындаймыз. 11 мамандық бойынша болашақ дәнекерлеуші, токарь, электрик, құрылысшыларды біз оқытамыз. Негізінен техникалық мамандықтарды дайындайтын болған соң студенттердің 80 %-ы ұлдар. Ал қалған 20 %-ы қыздар қызмет көрсету бағыты бойынша аспаз, тігінші, кондитер мамандықтарын меңгереді. Тағы бір жақсы жаңалық – бұрын жұмыс берушілерді өзіміз іздейтінбіз. Қазір мекемелер өздері келіп, түлектеріміздің бірден жұмысқа орналасуы бізді қуантады», – деді ол.

Ал «Сервис және туризм колледжінің» директоры Салтанат Басығараева оқу орнының кәсіпорындармен тығыз байланыста жұмыс істеп отырғанын жеткізді.

«Біздің колледжде 10 мамандық бойынша білім береміз. Олардың барлығы нарыққа қажетті, сұранысқа ие. Биыл жеткен жетістігіміз – екі ресурстық орталықтың ашылуы. Соның бірі флористика мамандығы бойынша. Бұл орталық қаладағы Romantic гүлдер желісімен келісімге отырып, дуалдық оқыту жүйесі аясында жұмыс істеуде. Студенттер шетелге шығып тәжірибе жинақтауда. Сонымен қатар қала тұрғындары ресурстық орталықта 3–6 ай аралығында қысқа мерзімде жаңа мамандық меңгеріп, кәсіби біліктілігін арттыра алады. Қазіргі таңда сұранысқа ие мамандықтар қатарында флористика, есептеу техникасы, бағдарламалау және ландшафтық дизайн бар», – деді колледж директоры.

Басқа жаңалықтар

Back to top button