«Күміс волонтер»: Астанада үздік волонтерлер марапатталды
Астанада волонтерлер әлеуметтік бастамаларды қолдап, игі істердің басы-қасында жүр. Осыған байланысты қаладағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының үздік волонтерлері марапатталып, еңбегі еленді.
Орталықта жыл бойы атқарылған жұмыстардың қорытындысы бойынша «Күміс волонтерлерге» алғыс хаттар мен сертификаттар табысталды.
Еріктілер мәдени-рухани және спорттық, сауықтыру, қайырымдылық, экологиялық және т.б. номинацияларда марапатқа ие болды.
Солардың бірі – қайырымдылық және инклюзивті бағытта белсенді атсалысып жүрген волонтер, 64 жастағы Үміт Сүлейменова. Ол Азия ойындарында ерікті болып жұмыс істеп, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына өз үлесін қосқан.
«Астанаға Абай облысынан көшіп келгеніме үш жыл болды. Өзім 40 жыл бойы математика пәнінің мұғалімі болып жұмыс істедім. Қазір зейнеттемін. Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында хорға қатысамын. Хор ұжымымен «Жансая» әлеуметтік оңалту орталығына барып, кішкентай балаларға концерт береміз. Скандинавиялық жүріспен де айналыстым. Кейін күміс еріктілер тобына қосылдым», – деді ол.
Астана қаласы әкімдігінің «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының» Сарайшық ауданы бойынша әлеуметтік қызмет көрсету бөлімінің басшысы Ақсұлу Шайдуллақызының сөзінше, орталықта түрлі бағыттағы үйірмелер жұмыс істеп тұр.
«Орталықта әртүрлі бағыттағы үйірмелер бар. Мәселен, оңалту гимнастикасы, пилатес, йога, би, тренажерлық зал және т.б.
«Күміс еріктілер» орталықтың жұмысына белсенді атсалысады. Зейнеткерлер орталыққа келу арқылы орта тауып, белсенді өмір салтын ұстанады», – деді Ақсұлу Шайдуллақызы.
«Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» туралы біз бұған дейін жазған едік.



