Астанадағы әуежайда рейстер кестесі бұзылды

Бүгін Астана халықаралық әуежайы күрделі ауа райы жағдайында жұмыс істеуде. Қалада байқалған көктайғақ пен мұзды жаңбыр салдарынан бірқатар әуе рейстерінің кестесі өзгерді.
Әуежайдың хабарлауынша, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында барлық қызметтер күшейтілген режимге көшіріліп, қосымша шаралар қабылданған.
Қазіргі уақытта келу бағыты бойынша 11 рейс кешігіп, 1 рейс мүлде тоқтатылды. Ал ұшып шығу бағытында 4 рейстің кешігуі тіркелген.
Әуежай өкілдері рейстер кестесіндегі өзгерістердің негізгі себебі – қолайсыз ауа райына байланысты әуе кемелерінің кешігіп келуі екенін атап өтті.
Жолаушыларға рейстер туралы өзекті ақпаратты онлайн-таблодан, әуе компанияларының хабарламаларынан және терминал ішіндегі хабарландырулар арқылы бақылап отыру ұсынылады.



