Қоғам

Dala.Camp Forum 2026-да Қазақстан ет индустриясының болашағы талқыланады

2026 жылғы 14–15 ақпанда Rixos Burabay алаңында «Қазақстанның ет индустриясындағы ірі қара: болашақтың жол картасы» тақырыбымен Dala.Camp Forum 2026 халықаралық мал өсірушілер форумы өтеді. Форум Қазақстанда етті мал шаруашылығын дамыту, сиыр етін экспорттаудың алдағы 10 жылға арналған стратегиясын қалыптастыру және өңірлік көшбасшылықты нығайтуға бағытталған.

Іс-шараға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және басқа елдерден шамамен 150 делегат қатысады. Олардың қатарында фермерлер, бордақылау алаңдарының өкілдері, қайта өңдеушілер, инвесторлар, салалық сарапшылар мен халықаралық ұйымдар бар. Форум серіктестері арасында KUSTO Group, KazBeef, TERRA, «Атамекен» ҰКП, ДЖДҰ, Халықаралық білім беру корпорациясы, «Қазақстан Ангусы» республикалық палатасы және өзге де ұйымдар бар.

Бағдарламада стратегиялық панельдік сессиялар мен практикалық басқару блоктары қамтылған. Экспорттық стратегия, мемлекеттік қолдау шаралары, инвестициялық модельдер, тірі малға баға қалыптастыру, кадр даярлау, генетика және фермерлік шаруашылықтардың тиімділігін арттыру мәселелері талқыланады. Сонымен қатар ветеринариялық қауіпсіздік пен халықаралық стандарттарға сәйкестікке ерекше назар аударылады.

Форумның маңызды мүмкіндіктерінің бірі — оффтейк-келісімшарттар жүйесіне қол жеткізу. Қатысушылар Turan қауымдастығына мүше болып, ірі сатып алушылармен тұрақты және болжамды сату шарттары негізінде жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болады. Форум кәсіби нетворкингпен және мерекелік кешкі аспен қорытындыланады. Толық ақпарат пен тіркелу: www.forum.dalacamp.kz. Орындар саны шектеулі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button