Астанада Крещение мерекесіне орай шомылу өтетін орын мен уақытын жариялады

18 және 19 қаңтар күндері Астанада Православие шіркеуінің ең маңызды мерекелерінің бірі — Крещение Господняға орай барлық православ храмдарында салтанатты құдайқұлшылық рәсімдері өтеді. Осы күндері елордада дәстүрлі крещендік шомылу да ұйымдастырылады.
Жаппай шомылу елордалық саябақтың жағалау аймағындағы қалалық жағажайда, амфитеатр маңында өтеді. Аталған жерде арнайы жабдықталған төрт мұз ойығы (купель) дайындалған.
Купельдер 18 қаңтар күні сағат 20:00-де, суға қасиет беру рәсімінен кейін ашылып, 19 қаңтар сағат 02:00-ге дейін жұмыс істейді. Одан кейін шомылу 19 қаңтар күні таңғы 08:00-ден кешкі 23:00-ге дейін жалғасады.
Мерекелік құдайқұлшылықтар мен Крест шеруі елордадағы барлық православ храмдарында өтеді:
-
Успен кафедралды соборы (Құйши Дина көшесі, 27);
-
Константино-Еленин храмы (Республика даңғылы, 12);
-
Преподобный Серафим Саровский храмы (Бөгенбай батыр даңғылы, 8).
Қауіпсіздік шаралары
Шомылу кезінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті мен полиция департаментінің қызметкерлері қамтамасыз етеді. Сондай-ақ жедел жәрдем бригадалары кезекшілік етеді.
Қала әкімдігі тұрғындар мен қонақтарды қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға және ауа райы жағдайын ескеруге шақырды.
Құтқарушылар негізгі қауіпсіздік ережелерін еске салды:
-
тек арнайы жабдықталған және құтқарушылар мен медицина қызметкерлерінің бақылауындағы орындарда шомылу;
-
бір мезетте купельде үш адамнан артық болмау;
-
жарақат алмау үшін мұз үстінен секірмеу;
-
балаларды қараусыз қалдырмау;
-
алкогольдік ішімдік ішпеу.
— Суға түсер алдында жеңіл жаттығу жасап, денені жылытып алған жөн. Рәсімнен кейін сүлгімен құрғақ сүрініп, жылы киініп, ыстық шай ішу ұсынылады, — деп атап өтті қала әкімдігінде.
Шомылу кезінде өзін жайсыз сезінген жағдайда, сол жерде кезекшілік ететін медицина қызметкерлеріне дереу жүгіну қажет.
Айта кетейік, бұған дейін өз бетінше жасалған купельдер үшін қандай айыппұл қарастырылғаны туралы жазған едік.



