Қоғам

Астанада ақылы жолдармен тиімді жүру үшін не істейміз?

Көпшілік біле бермейді, бірақ «ҚазАвтоЖолдың» ақылы трассаларға арналған жылдық абонементі бар. Жеңіл автокөліктер үшін оның құны небәрі 1 АЕК, яғни 2026 жылы – 4 325 теңге. Осы соманы бір рет төлеп, бір жыл бойы ақылы жолдармен шексіз жүре аласыз.

Астана тұрғындары үшін бұл әсіресе тиімді. Қала тұрғындары Астана – Щучинск және Астана – Павлодарбағыттары бойынша жылдық абонемент рәсімдей алады. Сонымен қатар ақылы жолға жақын орналасқан елді мекендердің тұрғындарына да жеңілдік қарастырылған. Мысалы, Екібастұз, Макинск және басқа да жақын қалалардың тұрғындары бұл мүмкіндікті пайдалана алады. Негізгі талап — көлік сол өңірде тіркелген болуы және бұрынғы жол ақылары бойынша қарызы болмауы керек.

Абонементті рәсімдеудің екі ыңғайлы жолы бар. Бірінші нұсқада кез келген банк қосымшасы арқылы көлік нөміріне 1 АЕК (4 325 теңге) көлемінде төлем жасайсыз. Одан кейін 1403 нөміріне қоңырау шалып, жылдық тарифті қосуды сұрайсыз. Қосылған соң ақылы жолдармен әр өту сайын қайта төлем жасамай жүре бересіз.

Екінші нұсқада көлік нөміріне абонемент құнын толтырып, kaztoll.kz сайтына тіркелесіз. Жеке кабинетте көлікті қосып, «Абонемент рәсімдеу» бөлімінен жылдық тарифті таңдайсыз.

Жалпы жылдық абонементтің құны көлік түріне қарай 1 АЕК-тен (4 325 теңге) бастап, 100 АЕК-ке (432 500 теңге) дейін жетеді.

Ескерту ретінде айта кетейік, колл-орталықтың мәліметінше, Алматы облысы бойынша абонементтер әзірге қолжетімсіз. Ал әлеуметтік желілерде БАКАД үшін абонементті тек Іле және Қарасай аудандарының тұрғындары рәсімдей алатыны жазылып жүр. Ол үшін Іле ауданының әкімдігіне жүгіну қажет.

Басқа жаңалықтар

Back to top button