Қоғам

Президент Ибраһим келісіміне қол қойды. Бұл нені білдіреді?

Қызылордада өткен V Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қазақстанның Ибраһим келісімдеріне қосылу туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді. Бұл – елдің сыртқы саясатына жаңа мазмұн беретін, халықаралық жауапкершілікті күшейтетін маңызды қадам.

Ибраһим келісімі – Таяу Шығыстағы мемлекеттер арасындағы қарым-қатынасты қалыпқа келтіруге бағытталған халықаралық келісімдер жүйесі. Оның негізгі мақсаты – ұзақ жылдар бойы жалғасқан саяси текетірестерді дипломатиялық жолмен тоқтату, сенім мен әріптестік орнату. Бұл бастама әлемде «дипломатиялық инновация» ретінде бағаланып отыр.

Президент келісім атауының өзі терең мағынаға ие екенін атап өтті:

«Авраам, яғни Ибраһим – иудаизм, христиан және ислам діндеріне ортақ пайғамбар. Бұл – адамзатты біріктіретін ортақ құндылықтардың символы».

Қазақстан бұл келісімге қосылу арқылы дінаралық татулықты, өркениеттер арасындағы диалогты және бейбіт келісімді қолдайтынын нақты көрсетті. Мемлекет басшысының айтуынша, бұл шешім еліміздің халықаралық беделін арттырып, жауапкершілігі жоғары «орта держава» ретіндегі рөлін нығайтады.

«Біз дипломатияны қақтығысқа апаратын жол емес, мәмілеге келудің ең маңызды құралы деп білеміз», – деді Президент.

Ибраһим келісімі – әскери қақтығыстар күшейіп, әлемде сенім дағдарысы тереңдеп тұрған кезеңде бейбіт бағытты таңдаудың айқын белгісі. Қазақстан үшін бұл тек сыртқы саяси қадам емес, ұлттық қауіпсіздік пен егемендікті қорғауға бағытталған стратегиялық ұстаным.

Басқа жаңалықтар

Back to top button