Қыс басталғалы қаладан 3 миллион текше метрден астам қар шығарылды
Астанада қыс маусымы басталғалы бері коммуналдық қызметтер 3 миллион текше метрден астам қарды арнайы қар полигондарына шығарды. Қаланың жолдарында қозғалыс қауіпсіздігі мен қолайлылығын қамтамасыз ету мақсатында қар тазалау жұмыстары тәулік бойы, күндіз-түні тоқтаусыз жүргізілуде. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайтында хабарланды.

Астанада алдымен негізгі магистральдар мен қоғамдық көлік жүретін көшелер тазаланады. Одан кейін қозғалысы орташа аумақтарда — тұрғын үй аулаларында, алаңдарда, тротуарлар мен аялдамаларда жұмыстар жалғасады.
Жаяу жүргіншілер мен көлік қозғалысының қауіпсіздігін арттыру үшін жолдар мен тротуарларға техникалық тұз себіліп жатыр. Бұл жұмыстар да тәулік бойы атқарылуда.
Сонымен қатар аула аумақтарының тазалығы пәтер иелері кооперативтері (ПИК) мен мүлік иелері бірлестіктерінің (МИБ) жауапкершілігінде. Олар тұрғындардың қауіпсіз әрі ыңғайлы қозғалысын қамтамасыз ету үшін аулаларды қар мен көктайғақтан уақтылы тазалауы қажет.
Астана қаласының әкімдігі тұрғындар мен қала қонақтарын сақтық шараларын сақтауға, жолдар мен тротуарларда мұқият болуға және ауа райы қолайсыз кезде алыс жолға шықпауға шақырады.



