Қоғам

2026 жылы «Сарайшық» ауданында қай көшелер жөнделеді?

Астана қаласының «Сарайшық» ауданының әкімі Мақсат Саматұлы 2026 жылға жоспарланған жол құрылысы мен жөндеу жұмыстары туралы мәлімет берді. Қазіргі таңда ауданда жалпы ұзындығы 276 шақырымды құрайтын 163 көше бар. Биыл бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатын жобалармен қатар жаңа нысандарды да қамтиды.

2026 жылы бірқатар маңызды көшелерде құрылыс пен абаттандыру толық аяқталады. Атап айтқанда, Қ. Аманжолова көшесі, А105 көшесі, «Нұрлы» ПК-не апаратын кірме жол, сондай-ақ №27 көше пайдалануға берілмек. Бұдан бөлек, А50 және А51 көшелеріндегі жұмыстар жалғасып, өзге де өтпелі жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.

Жаңа жобалар қатарында Конгресс-орталыққа апаратын жолдың құрылысы бар. Сонымен бірге Жұмекен Нәжімеденов көшесін салу және қайта жаңғырту, сондай-ақ Интернациональный, Мичурино, Күйгенжар және Достық тұрғын алаптарында көше-жол желісі мен инженерлік инфрақұрылымды дамыту жоспарланған.

Сонымен қатар 2026 жылы жалпы ұзындығы 13,3 шақырымды құрайтын жолдарға орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл тізімге Қошқарбаев даңғылы, Нәжімеденов және Байтұрсынов көшелері, сондай-ақ Астана – Қарағанды автожолының бір бөлігі енген.

Аудан әкімдігінің мәліметінше, аталған жұмыстар көлік қозғалысын жеңілдетіп, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған.

Басқа жаңалықтар

Back to top button