Қоғам

«Қазақтелеком» атын жамылған алаяқтықтың тәсілі: қалай сақтануға болады?

Соңғы уақытта өздерін «Қазақтелеком» қызметкері ретінде таныстырып, азаматтарды алдауға тырысатын алаяқтардың саны артты. Полиция департаменті мұндай қылмыстардың көбіне зиянды мобильді қосымшалар арқылы жасалып жатқанын ескертеді.

Алаяқтар қалай әрекет етеді?

Алдымен белгісіз нөмірден қоңырау түседі. Қоңырау шалған адам өзін байланыс операторының қызметкері ретінде таныстырып, абонентпен жасалған келісімшарттың мерзімі аяқталғанын немесе «арнайы жеңілдік» бар екенін айтады.

Кейін WhatsApp мессенджері арқылы «деректерді жаңарту» немесе «жеңілдікті белсендіру» үшін сілтеме жібереді. Бұл сілтеме арқылы телефонға зиянды APK файл жүктеледі. Қосымша орнатылған сәттен бастап алаяқтар жәбірленушінің банк қосымшаларына, жеке деректеріне қашықтан қол жеткізе алады.

Қауіп белгілері қандай?

Мұндай жағдайда телефонның қатты қызуы, экранның бұғатталуы немесе құрылғының басқару командаларына жауап бермеуі байқалуы мүмкін.

Не істеу керек?

Егер күмәнді сілтеме арқылы қосымша орнатылып қойса, телефонды дереу өшіріп, SIM-картаны шығарып, интернетке қосылуды тоқтату қажет. Басқа құрылғы арқылы банкпен хабарласып, барлық шоттар мен карталарды бұғаттаған жөн. Сондай-ақ 102 нөмірі арқылы полицияға хабарлау ұсынылады.

Маңызды ескерту

Байланыс операторларының қызметкерлері ешқашан мессенджерлер арқылы қосымша орнатуға арналған сілтемелер жібермейді. Кез келген күмәнді қоңырау мен хабарламаға сақтықпен қарау қажет.

Мұндай ақпаратты жақындарыңызбен бөлісу – олардың жинаған қаражатын сақтап қалуға көмектеседі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button