Қоғам

Елорда жолдарындағы қауіпсіздік: қаңтар айының қорытындысы

Астана қаласында 2026 жылдың қаңтар айында 159 жол-көлік оқиғасы орын алған. Бұл туралы елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Махамбет Төлешов мәлімдеді.

Спикердің айтуынша, жол-көлік оқиғаларының негізгі себептері – жол қозғалысы ережелерінің сақталмауы. Жаяу жүргіншілердің белгіленбеген жерден жолды кесіп өтуі, ал жүргізушілердің жылдамдықты арттыруы, маневр жасау және қиылыстардан өту ережелерін бұзуы жиі кездеседі. Сонымен қатар қарсы жолаққа шығу, жол белгілері мен жолақтарды елемеу де апаттарға әкеліп соғуда.

Жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында елордада кешенді профилактикалық шаралар жүзеге асырылуда. Демалыс және мереке күндері мас күйінде көлік жүргізушілерді анықтауға бағытталған рейдтер тұрақты түрде өткізіледі. 2026 жылдың 5 ақпанындағы мәліметке сәйкес, 190-нан астам мас жүргізуші ұсталып, көлік жүргізу құқығынан айырылып, әкімшілік қамауға алынған. Сондай-ақ бұрын жүргізуші куәлігінен айырылған 43 адамның қайтадан рөлге отырғаны анықталды.

Қалада «Қауіпсіз жол», «Жалған нөмір», «Автобус», апталық «Мас жүргізуші» рейдтері және «Жаяу жүргінші» жедел профилактикалық іс-шаралары жүйелі түрде жүргізілуде. Осы шаралар аясында жол ережесін бұзған 2 175 жаяу жүргінші әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Сонымен қатар жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру үшін 94 көше-жол торабы тексеріліп, 900-ден астам техникалық және ұйымдастырушылық кемшілік анықталды. Әкімдік пен мердігер ұйымдармен бірлескен жұмыс нәтижесінде 100-ден астам кемшілікті жою шаралары қабылданған.

Күнделікті негізде жол жағдайына талдау жүргізіліп, ең қауіпті учаскелер мен қиылыстар анықталып отыр. Мәселен, Байтұрсынов көшесі мен Тәуелсіздік даңғылының қиылысында жаңа бағдаршам режимі енгізіліп, оң және солға бұрылу бір фазада жүзеге асырылатын болды. Бұл көлік ағындары арасындағы қақтығыстардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Мамандардың айтуынша, қабылданып жатқан шараларға қарамастан, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басты факторы – әрбір жол қозғалысына қатысушының жеке жауапкершілігі. Жол ережелерін қатаң сақтау ғана апат санын азайтып, адам өмірін сақтауға көмектеседі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button