Қоғам

Шұбар тұрғын алабы газға қосылды

Астананы газдандыру жөніндегі ауқымды жоба аясында елорданың Шұбар тұрғын алабы толықтай табиғи отынға қосылды. Жобаны Астана қаласы әкімдігінің Энергетика басқармасы іске асырды.

«Астана қаласын газдандыру. Құрылыстың III кезегі. Шұбар тұрғын алабын газдандыру (1–5 іске қосу кешендері)» жобасы аясында орта қысымды 7,5 шақырым газ құбыры және төмен қысымды 31,3 шақырым ішкі тарату желілері салынды. Нәтижесінде тұрғын алаптағы 890 жеке тұрғын үй табиғи газға қол жеткізді.

Энергетика басқармасының мәліметінше, бұған дейін елордада газбен қамту инфрақұрылымын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылған. Қаланың әртүрлі аумақтарында жалпы ұзындығы 950 шақырымға жуық газ желілері жүргізіліп, бірнеше тұрғын алап пен шағынаудан табиғи газға қосылған. Олардың қатарында «Көктал-1», «Көктал-2», «Агроқалашық», «Теміржолшылар», «Өндіріс», Оңтүстік-Шығыс тұрғын алабының оң және сол жақ бөліктері, «Күйгенжар», «Мичурино», «Интернациональный», Family Village, Vela Village, «Үркер», «Тельман», «Кірпішті», сондай-ақ «Ақбидай», «Қазақауыл» шағынаудандары мен Потанин көшесі аумағындағы қаланың ескі бөлігі бар. Қазіргі таңда елордада 13,8 мыңнан астам абонент табиғи газға қосылған.

Сонымен қатар жылу энергетикасы нысандарын газға көшіру жұмыстары да кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. ЖЭО-1 және ЖЭО-2 аумағындағы 16 қазандық табиғи газға ауыстырылған. Бұдан бөлек, «Тұран» және «Оңтүстік-Шығыс» газ жылу станциялары салынды. Олардың жалпы қуаты 950 Гкал/сағатты құрайды. Қуаты 620 Гкал/сағат болатын «Тельман» газ жылу станциясының құрылысы жалғасуда.

Осылайша, биыл «Астана қаласын газдандыру» жобасы аясында жоспарланған барлық елді мекендер мен энергия көздерін табиғи газбен толық қамту көзделіп отыр.

Басқа жаңалықтар

Back to top button