
Дариға Исмаилова – дәрігер-резидент, кардиохирург. Ол Ұлттық медициналық орталықтың балалар кардиохирургиясы бөлімшесінде жұмыс істейді. Мұнда жылына мыңнан астам ота жасалады.
Медицинаны таңдаған арулар арасында хирургияға бет бұратындар сирек. Ал жүрекке ота жасайтын кардиохирургия – жауапкершілігі еселенген сала. Дариға бұл жолды саналы түрде таңдаған.
– Кардиохирург болам деген шешімге қалай келдіңіз?
– Дәрігер болуды бала кезден армандадым. Соның ішінде жүрек емдейтін маман болатынымды анық білдім. Себебі кішкентай кезімде өзімнің жүрегім ауырды. Балалық шағым кардиологтар мен кардиохирургтердің бақылауында өтті десем болады. Ем алып жүріп, олардың еңбегіне құрметпен қарадым. Мектеп бітірер кезде еш ойланбастан медицинаны таңдадым. Ата-анам да шешімімді қолдады. Бүгінде Ұлттық медициналық орталықтың балалар кардиохирургиясы бөлімшесінде екі жылдан бері резидентпін.
– Ер азаматтардың ортасында жұмыс істеу қиын емес пе?
– Меніңше, хирургия жынысқа бөлінбейді. Ем іздеп келген бала мен ата-ана үшін дәрігердің жасы немесе жынысы маңызды емес. Ең бастысы – біліктілік. Әріптестерім қолдау білдіріп, тәжірибелерімен бөліседі. Әрине, елімізде әйел кардиохирургтер өте сирек. Бірақ жетекшім Бақытжан Абидоллаұлы «сенен мықты кардиохирург шығады» деп сенім артты. Мен де сол сенімді ақтау үшін бар күшімді салып келемін.
– Операция алдында қорқыныш бола ма?
– Әр операцияның маңызы зор. Өйткені үмітпен күтіп отырған науқас пен ата-ана бар. Барлық эмоциямды бақылауда ұстауға тырысамын. Фокусым тек операцияда болады. Ол сәтте мен, жүрек ақауы және науқас – осы үштік қана маңызды.
– Жылаған кезіңіз болды ма?
– Жоқ, бірде-бір рет жылаған емеспін. Бала кезден сабырлымын. Мүмкін, анамның полиция саласындағы қызметі мен қатал тәрбиесі де мені шыңдаған болар.
– Науқас балалардың ата-аналарына қалай қолдау білдіресіз?
– Әйел болған соң аналармен тіл табысу оңайырақ шығар. Олардың жан дүниесін түсінуге тырысамын. Барынша моральдық-психологиялық қолдау көрсетемін. Балалар ауруханадан шыққаннан кейін де бізбен байланыста болады. Себебі олар есепте тұрады, сондықтан біздің бақылауымыз үзілмейді.
– Балалармен қалай тіл табысасыз?
– Балалармен достық қарым-қатынас орнатуға тырысамын. Әңгімелесемін, ойнаймын. Бала дәрігерден қорықпауы керек. Ең алдымен сенім ұялатып, көмектесетін адам екенімді көрсету маңызды.
– Жұмыс кестеңіз қандай?
– Таңғы сағат 7:30-да меңгеруші әрі жетекшіммен бірге науқастарды қараймыз. Кезекшілік болса, 24 сағат бөлімшеде боламыз. Негізгі жұмыс уақыты кешкі 7-8-ге дейін созылады. Қажет болса, одан да ұзақ қаламыз. Бұл – менің жүрек қалауым. Әрине, қиын жолды таңдадым. Бірақ әр адамның өз миссиясы болуы керек. Менің миссиям – кішкентай жүректердің ұзақ соғуына үлес қосу.



