Астанадан әскерге шақырылғандардың алғашқы легі Шекара қызметіне аттанды

Республикалық маңызы бар қалалар мен облыс орталықтарындағы жинау пункттерінен әскерге шақырылған жастардың алғашқы легі ҰҚК Шекара қызметінің бөлімшелеріне аттанды.
Астана қаласының қорғаныс істері жөніндегі департаментінде өткен салтанатты шығарып салу рәсіміне жергілікті әскери басқару органдарының өкілдері, Қарулы күштердің ардагерлері, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері және әскерге аттанушылардың жақындары қатысты.
Елордалық қорғаныс істері департаментінің бастығы, полковник Руслан Балтеміровтың айтуынша, маусым айының соңына дейін Астанадан 1400-ден астам жас азаматты мерзімді әскери қызметке жіберу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар әскери қызметшілер үшін бірқатар әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылған. Атап айтқанда, қызмет өткеру кезеңінде және запасқа шыққаннан кейін екі ай бойы кредиттік демалыс беріледі. Бұдан бөлек, жауынгерлік даярлықта жоғары нәтиже көрсеткен сарбаздарға мемлекеттік грант негізінде ҰБТ тапсырмай-ақ еліміздің жоғары оқу орындарына түсу мүмкіндігі ұсынылады.
Осылайша, әскерге шақыру науқаны жастарды Отан алдындағы борышын өтеуге бағыттап қана қоймай, олардың болашақ білім алуына да қосымша мүмкіндіктер ашып отыр.



