Қоғам

Кәдімгі такси емес: қала мерекелік көңіл-күй сыйлаған жүргізуші

Астанада Наурыз мерекесінің атмосферасы тек алаңдарда ғана емес, әлеуметтік желілерде де кеңінен таралуда. Әсіресе Threads-та ерекше безендірілген такси жүргізушісі – Нұрдәулет Нұрғалиұлы көптің назарын аударып, қала тұрғындары арасында жылы пікірлерге ие болды.

Елорда көшелерінде көзге түсіп жүрген ұлттық нақышта безендірілген такси соңғы күндері әлеуметтік желілерде де қызу талқыланып жатыр. Оның жүргізушісі – Нұрдәулет Нұрғалиұлы. Ол өз бастамасы туралы алғаш рет Threads платформасында бөліскен:

«Бүгін де таксимін, бірақ нағыз патриот такси сезініп жатырмын өзімді. Астанада машинамды бүгін көргендер бар ма? Біраз адамның келіп суретке түсіп қуанғанын көріп, өзім қуанып жатырмын»

Бұл жазба желі қолданушыларының назарын бірден аударды. Көп ұзамай басқа Threads қолданушылары да, жүргізушінің жолаушылары да өз әсерлерімен бөлісе бастады. Олар ерекше безендірілген көлікке отырып, алған әсерлерін, мерекелік көңіл-күй сыйлаған сәттерін өз парақшаларында жариялап жатыр.

Осылайша, бір адамның бастамасы тек көшеде ғана емес, цифрлық кеңістікте де Наурыз рухын таратып үлгерді.

Нұрдәулет Нұрғалиұлының айтуынша, бұл идея Жаңа жыл кезінде пайда болған.

– Идея қыста Жаңа жылдың кезінде көліктерді сәндеп жүрген кезде келді. «Неге біз өзіміздің әз-Наурызды неге дәріптемеске, осындай безендірумен тойламасқа?» деген. Әуелі бұл ойымды келіншегіме айттым. Ол да қолдай кетті.

Көлікті толық безендіруге бес күн уақыт кеткен. Бастапқыда ол бұл әрекетіне сенімсіздікпен қарағанын да жасырмайды:

– Көлікті дайындауға бес күндей кетті. Алғашында, шыны керек, ыңғайсызданып жүрдім. Келіншегім “сен жаман нәрсе істеп жатқан жоқсың” деп, қолдауын білдірді.

Алайда қала тұрғындарының жылы қабылдауы оның бұл бастамасына жаңа серпін берген. Қазір жолаушылар үшін бұл такси – жай ғана көлік емес, мерекелік көңіл-күй сыйлайтын ерекше тәжірибе.

– Ал қала тұрғындары қуанып, өте жақсы қабылдап жатыр. Олардың қуанышынан өзім де мәзбін. Мінген жолаушылардың бәрі әдемі мерекелік көңіл-күймен кетіп жатыр -, дейді такси жүргізушісі.

Нұрдәулет Нұрғалиұлы бұл идеяны алдағы жылдары да жалғастыруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, ол басқа жүргізушілердің де осындай бастамаларға қосылғанын қалайды:

– Әрине, алдағы жылдарда да, Алла қаласа, жалғастыру ойда бар. Басқа да такси жүргізушілері, әріптестерімнің қайталағанын қалар едім

Бүгінде Наурыз тек дәстүрлі форматта ғана емес, әлеуметтік желілер арқылы да жаңа тыныс алып келеді. Нұрдәулет Нұрғалиұлының «патриот таксиі» – соның дәлелі. Бір идея – мыңдаған адамға көңіл-күй сыйлап, қала мен желіні бірдей жылыта алды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button