Қоғам

Қалдықсыз өмірге қадам: Астанадағы Экохабтағы Ашық есік күні

Халықаралық қалдықсыз күнге орай Экохабта арнайы Ашық есік күні ұйымдастырылды.

30 наурыз – Халықаралық қалдықсыз күн және «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында елордада экологиялық өмір салтын насихаттауға және қалдықтарды заманауи өңдеу тәсілдерін таныстыруға арналған іс-шара өтті.

Шараға қатысушылар тек теориялық білім алып қана қоймай, қалдықтарды қайта өңдеу процесін іс жүзінде көрді. Атап айтқанда, пайдаланылған пластиктің қалай жаңа әрі пайдалы бұйымдарға айналатыны көрсетілді. Сонымен қатар, мамандар қалдықтарды сұрыптау бойынша қызықты шеберлік сабағын өткізіп, бөлек жинаудың негізгі қағидалары мен қайта өңдеуге дайындау ережелерін түсіндірді.

Қатысушыларға күнделікті өмірде қоқыс көлемін азайтуға көмектесетін қарапайым әрі қолжетімді эко-дағдылар туралы да айтылды. Мысалы, көп рет қолданылатын сөмкелерді пайдалану, тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау және өнімдерді саналы түрде тұтыну.

«Мен алғаш рет қарапайым пластик бөтелкелердің пайдалы заттарға айналатынын көрдім. Бұл күн сайын қаншама қоқыс тастайтынымызды ойлануға және әрқайсымыздың табиғатты қорғауға үлес қоса алатынымызды түсінуге ықпал етеді», – деп әсерімен бөлісті шара қонақтарының бірі.

Айта кетейік, мұндай бастамалар қала тұрғындары арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және жауапты тұтынуды дәріптеуге бағытталған. Бұл әр адамға табиғатты қорғаудағы өз рөлін сезінуге мүмкіндік береді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button