Махаббатпен келген табыс: аспаздан рестораторға дейін

Ауылдан шығып, өз еңбегімен үлкен жетістікке жеткен кәсіпкер, ресторатор Махаббат Асхатқызының өмір жолы өзге әріптестеріне үлгі, әрі кәсіп бастауда серпін болды.
Ол Шымкент қаласының маңындағы Ильиневка ауылында дүниеге келген. Балалық шағы Шу қаласында өтіп, сол жерде бой жетті. Жастайынан өнерге жақын болып, биші болуды армандаған белсенді қыз мектеп қабырғасында жүріп алғашқы махаббатын кездестірді. Көп кешікпей ол тұрмысқа шығады.
Жолдасы Жарас – өнер жолындағы жас әнші еді. Екеуі жастайынан өмірдің қиындықтарын бірге еңсеріп, ерте есейді. Отбасылық өмірдің алғашқы сынақтары да оңай болған жоқ. Тұңғыш перзенттері ерекше бала болып дүниеге келгенімен, олар ата-ана ретінде бар күш-жігерін салып, балаларына махаббат пен қамқорлық беруді таңдады. Қиындықтарға қарамастан, күресуден ешқашан бас тартпады. Кейін отбасында тағы үш қыз дүниеге келді.
Өмірдің бірқалыпты ағысында қалмай, өзгеріс жасауға деген ішкі талпыныс Махаббатты үлкен қадамға жетеледі. 2017 жылы небәрі 20 мың теңгемен отбасымен бірге Астана қаласына көшіп келді. Жолдасы әншілікпен айналысса, өзі аспаздық жолды таңдады. Бұл кезең – тынымсыз еңбек пен үмітке толы уақыт болды.
Карантин кезеңі көпшілік үшін қиындық әкелсе, Махаббат үшін жаңа мүмкіндіктердің бастауы болды. Тапсырыстар көбейіп, кәсібі алға баса бастады. Алайда бір тапсырыс берушінің менсінбей айтқан сөзі оның өміріне үлкен бетбұрыс жасады. Сол сәтте ол аспаз мамандығының беделін көтеруді өзіне мақсат етіп қойды.
Осылайша, аспаздарды біріктіретін ерекше алаң – «Аспаз Fesr» фестивалінің идеясы дүниеге келді. Алғашқы қадам ретінде челлендж ұйымдастырылып, кейін 2023 жылы Астанада 200 аспаздың басын қосқан ауқымды фестиваль өтті. Бұл бастама сол жылы Алматыда жалғасып, 2024 жылы Таразда, 2025 жылы Ақтауда өткізілді. Ендігі бағыт – Шымкент қаласы.
Махаббат Асхатқызы тек фестиваль ұйымдастырумен шектелмей, жеке брендік қалыптастыруда да үлкен жетістіктерге жетті. Ол еліміздің танымал телебағдарламаларына қатысып, аспаздық өнерін кеңінен танытты. Теледидар мен әлеуметтік желі арқылы халыққа танылды.
Бүгінде ол «Махаббатпен ас дәмді» ұранымен Астанада тойхана ашып, «Махаббатпен Асхана» атауымен үш асхана желісін дамытып отыр. Оның басты мақсаты – тек жеке табысқа жету емес, аспаз мамандығының мәртебесін көтеру, әріптестерін қолдау және бірге даму.
Махаббаттың жетістігінің артында отбасының қолдауы тұр. Жолдасы Жарас пен төрт қызы – оның ең үлкен тірегі. Әсіресе, тұңғыш қызы Аружан – анасының өмір жолындағы ерекше орынға ие жан.
Бұл – жай ғана табыс тарихы емес. Бұл – қиындыққа мойымаған, өз арманына сенген және еңбегі арқылы өзгелерге жол көрсеткен жанның шынайы өмір жолы. Махаббат Асхатқызы дәлелдегендей, кез келген істі шынайы махаббатпен атқарса, оның жемісі міндетті түрде болады.



